Абаттандыру жұмысымен танысты
Балығымен және шағаласы шулаған жағажайымен танымал Шардара ауданы жыл санап көркейіп келеді. Облыстағы туризмді дамтуға қолайлы өңірге соңғы жылдары елімізбен қатар шетелден де туристер келіп демалуда. Туристердің келуі әрине сол өңірдің дамуына, гүлденуіне септігін тигізері анық.
Осы орайда аудан әкімі Қайрат Жолдыбай қаладағы бірқатар нысандарды аралап шықты. Қала әкімі Ережеп Бекет және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Еркебұлан Қаратүновпен бірге қаладағы басты көшелерді аралаған аудан басшысы қаланы абаттандыру бойынша қолға алынып жатқан тірліктермен танысты. Қалаға кіре берістегі төрт қақпа маңын абаттандыру, Жастар, Н.Оңдасынов, Төлеби, Түгелбаев көшелеріндегі суағарлар мен аяқжолдардың жай-күйін, оларды жөндеу жұмыстарының барысымен жіті танысқан аудан басшысы бірқатар сын-ескертпелер айтты. Басты мақсат – аудан орталығын талапқа сай абаттандыра отырып, сапасыздыққа жол бермеуді қатаң бақылауда ұстау. Қала әкімі Е.Бекетке қала көшелеріндегі ретсіз қоқысты тазарту үшін тиісті мердігерлерге талапты күшейтуді, сондай-ақ, қала ішінде орналасқан баннерлерді түгелдей жаңарту жөнінде тапсырма берді.