«Ұйықтап қалған» Ордабасыны Өсербаев оятты»

Screenshot_7.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  ТОҚАЕВ Қазақстан халқына Жолдауында халықпен тиімді кері байланыс орнатуды тапсырғаны белгілі. Әлбетте, бұл ең әуелі халыққа есеп беру жиындарында көрініс табуы тиіс.   Жасыратыны жоқ, әкімдердің дені мұндай басқосуларда алдын-ала әзірленген мәтінді, құрғақ көрсеткіштер мен сықиған цифрларды қағазға қарап оқып шығып, рапорт беруден әрі аса алмай жүр.

Осы тұрғыда  Ордабасы ауданының әкімі   Әліпбек Өсербаевтың халыққа есеп беру жиынына ерекше тоқтала кеткенді жөн санадық.  Кеше облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен өткен бұл басқосудың бірқатар ерекшелігі болды. Жыл қорытындысын саралайтын жиында аудан басшысы баяндамасын қағазға қарамастан  айтып шықты. Онда да қатардағы баяндама емес, өзекті мәселелер жайында терең сараптама жүргізіп, егжей-тегжейлі тоқталды. Қойылған сұрақтарға мүдірместен жауап беріп отырды. Осыдан-ақ әкімнің жиынға тыңғылықты дайындалғанын ғана емес, аудандағы барлық саладағы ахуалды жан-жақты білетінін аңғаруға болады. Сондай-ақ, әкімнің баяндамасын тартымды әрі түсінікті түрде безендірілген слайдтар толықтырып отырды.

Былтыр 55 жылдық мерейтойын атап өткен Ордабасы ауданы үшін 2019 жыл   толайым табыстар мен жемісті жетістіктерге мол айтулы кезең болды.  Атқарылған шаруа көп.

Барлық дерлік көрсеткіштер бойынша ілгерілеушілік байқалады. Жалпы өңірлік өнім  79,2 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,7 млрд. теңгеге артты.

Ордабасы – ауыл шаруашылығымен қатар өнеркәсіп саласы да жоғары деңгейде дамыған өңір. Аудан экономикасының дамуына сүбелі үлесін қосып келе жатқан 35 кәсіпорын былтыр 19 млрд. 251 млн. теңгенің өнімін өндірді.  Өсім динамикасы бойынша облыста төртінші орын.  Айта кетерлігі, өңдеу өнеркәсібінің үлесі басым. Дәлірегі, өнеркәсіп саласында шығарылған өнімнің 89,9 пайызы шикізат емес, дайын тауар ретінде шығарылған.






Ордабасы ауданындағы индустрияландыру картасы аясында іске асырылған жобалар бәсекеге қабілеттілігі және өміршеңдігімен ерекшеленеді. Яғни, нарықтың талабына жауап бере алмай, тұралап қалған кәсіпорын жоқ. Күні бүгінге дейін ауданда Индустрияландыру бағдарламасы аясында 20 жоба іске асып, жалпы инвестициялық құны 41 миллиард 877 миллион теңгеден асты. Осы арқылы 1563 жаңа жұмыс орны ашылды.

Биылға ерекше үміт артылып отыр.  Индустрияландыру картасы аясында   инвестициялық құны 96, 6  миллиард теңгені құрап,  415 жаңа  жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін екі жобаның іске асырылуы күтілуде. Сондай-ақ, индустрияландыру картасынан тыс 1 миллиард 650 миллион теңгеге бағаланатын 2 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл ауқымды бизнес бастамалар тек ауданның емес, бүкіл облыстың экономикалық дамуына орасан зор үлес қосатыны сөзсіз.

Шыны керек, бірқатар аудандардағы индустриалдық аймақтағы жобалар қағаз жүзінде ғана іске асуда. Бұл ретте Ордабасы ауданындағы жалпы аумағы 102 гектарды құрайтын индустриалдық аймақ белсенділігімен көзге түсуде. Қазіргі таңда мұнда инвестициялық құны 15,3 миллиард теңгеге тең келетін 3 жоба жүзеге асып, нәтижесінде 184 жаңа жұмыс орны ашылған.  Бұдан бөлек, құны 4 миллиард теңгеден  астам  3 инвестициялық жоба өңірлік үйлестіру кеңесімен мақұлданған.

Инвестиция тарту  - кез-келген аудан басшысының жұмысын бағалаудағы басты көрсеткіштердің бірі екеніне келіссек, Ордабасы ауданында Негізгі капиталға тартылған инвестиция 19 млрд. 217 млн. 300 млн. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126% пайызға орындалды.  Оның ішінде қаржыландыру көздері бойынша негізгі капиталға салынған жеке инвестициялар 10 млрд. 957 млн. теңге немесе жалпы инвестиция көлеміндегі үлесі 57,0% болып отыр.

Ордабасы ауданының ауылшаруашылық саласы үшін 2019 жыл бірқатар маңызды жетістіктермен ерекшеленді. Агросектордағы жаңа технологияларды игеру бағытындағы оң өзгерістер бар. Мәселен,  соңғы жылдары аудан аумағында жылыжай салуға ниет білдірушілердің, жылыжай салып жатқан тұрғындардың, кәсіпкерлердің саны артып келеді. Өткен жылы 20 гектар жылыжай іске қосылып,жалпы жылыжайлар көлемі көлемі 72 гектарды құрады. Осы жылыжайлардан жиналған мыңдаған тонна өнім тек республикамыздың басқа аймақтарына емес, көршілес Ресейге де экспортқа жөнелтіліп отыр.

Көп жылдан бері ауданда ағын су тапшылығы сезіліп келе жатқаны рас. Әкім Ә.Өсербаев биыл каналдарды тазалау жұмыстарына ерекше екпін берілетінін алға тарта отырып, өңірде тамшылатып суару әдісін молынан енгізу мен жаңа технологияларды игеруге басымдық берілетінін жеткізді.  Былтырдың өзінде Ордабасыда тамшылатып суару әдісі 760 гектар жерге енгізіліп, жалпы аумағы 1787 гектарды құраған. Бұл технологияның тиімділігі – ағын су 2 есеге дейін үнемделіп, дақылдарға қажетті минералды тыңайытқыштар агротехникалық талаптарға сай шығынсыз беріліп, егілген дақылдан алынатын өнім көлемі 1,5 есеге дейін артады.

Ал өңірде алғаш рет аз шығын шығарып, табысты өнім алу үрдісі қолданыла бастады. Айталық, Шұбар ауыл округінің Тоқсансай елді мекенінде 130 гектар тәлім жерге суғарусыз әдіс арқылы «Сіtrullus Lanatus» қарбыз көшеті отырғызылып, 23 тонна қарбыз дәні алынды. Бұл өнім түгелдей АҚШ мемлекетіне экспортқа жөнелтілді.  Жобаның тиімділігі іс жүзінде дәлелін тапқандықтан, биыл Қажымұқан ауыл округінде 387 гектарға қарбыздың осы сұрпын егу жоспарланып отыр.

Егістік жерлерді тиімді пайдалану бағытында да ілгерілеушілік бар. Былтыр Қараспан және Шұбар ауыл округтерінде жылына 2 рет өнім алу бойынша тындырымды тірліктер атқарылды. Бекітілген жоспарға сәйкес, алдағы уақытта аудандағы 90 шаруашылық  171,9 гектар жерге маусымында 2 рет өнім алу бойынша қияр, картоп, қарбыз, қызанақ, асқабақ, қырыққабат егеді деп жоспарлануда.

Халыққа есеп беру жиындарында Әліпбек Шәріпбекұлы тек атқарылған жұмыстарды баяндап қана қоймай, ауылшаруашылық дақылдарының шығыны мен табысына қатысты  терең сараптама жүргізіп  отырды.   Мәселен, былтыр 1 гектар бидайдан орта есеппен  22 центнер өнім алған шаруаның табысы 132 мың теңгені құраған. Бірақ, осы  бір гектарға шамамен 63 мың теңге шығын жұмсалғанын ескерсек  (жер айдау, тұқым, тыңайтқыш сатып алу, өнім жинау), таза пайда 69 мың теңгеден аспаған. Есесіне  1 гектар  көкөністен 500 центнердей өнім алуға болады. Түсетін ақшасы орта есеппен  2,5 млн.  теңге, ал шығыны 1 млн.  теңге  десек, шаруаның табатын таза пайдасы да қомақты болатыны анық.

Жалпы, қызметіне тағайындалғанына жарты жыл енді толса да, Әліпбек Өсербаевтың аудан халқының көңілінен шығатындай жұмыс атқарып үлгергені жасырын емес. Ордабасы өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуында серпіліс бар. Қысқа мерзім ішінде аудан орталығының келбеті ажарлана түсті.  Ел-жұртты көп жылдан бері мазалап келе жатқан бірқатар өзекті мәселе шешімін таба бастады. Осыдан болса керек, есепті жиынға қатысқан тұрғындар аудан әкімінің жұмысына жоғары баға беріп, ризашылығын жеткізіп жатты. Мәселен, ауданның, облыстың құрметті азаматы Әріпбай Қойшыбай ауданға іскер кадрды жібергені үшін облыс басшысына алғысын жеткізді.

– Құрметті Өмірзақ Естайұлы, шыны керек,  соңғы үш жылда әкімсіз өмір сүргендей болдық. «Ұйықтап қалған» аудан еді. Сол ауданды Әліпбек Шәріпбекұлы оятты. Ендігі жердегі өтінішіміз - Әліпбек Өсербаевты аудан орталығы - Темірланды қаладай етіп, ауданның экономикасын жолға қойып,  республикадағы үздіктердің қатарына қоспайынша осы ауданнан алып кетпеңіз,  - деп жарыссөзге шыққан Әріпбай Қойшыбай тұрғындардың  тілегін жеткізді.

Screenshot_9.jpg

Облыс басшысы Ө.Шөкеев те өз сөзінде аудан әкімінің жұмысын қолдайтынын жеткізіп,  ауданның экономикалық әлеуетінің жоғары екеніне тоқталып өтті.

– Ордабасы ауданының орны біз үшін ерекше.  Маңыздылығы жоғары болғаны үшін мен Түркістан қаласы және Ордабасы ауданы әкімдерінің есепті жиындарына қатысуды ұйғардым. Әлбетте, біз Ордабасыдағы әлеуметтік мәселелердің шешілуіне көмектесеміз. Бірақ, мұндай аудан өзін-өзі қамтамасыз етуі керек. Әліпбек Шәріпбекұлының осы қызметке тағайындалғанына жарты-ақ жыл өтсе де, көпшілік оның  жұмысына жақсы деген баға беріп жатыр. Сондықтан, аудан әкімінің жұмысын қолдауымыз керек деп ойлаймын. Сонда оң нәтиже шығады, - деп облыс әкімі есепті жиынды қорытындылады.

"Рейтинг" газеті