Шымкент мектептерінде медициналық кабинеттер жаңартылуда
Мектеп медицинасы - медицина саласындағы ең маңызды мәселенің бірі. Бұған дейін оқушылардың денсаулығына білім басқармасы жауапты болса, кейіннен бұл міндетті қоғамдық денсаулық басқармалары қолға алды. Ендігі кезекте білім ұяларындағы балалар медициналық қызметті жыл басында іске қосылған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында ала алады.
Бүгін «Міндетті медициналық сақтандыру Қоры» КЕАҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалының директорының орынбасары Шалхар Шеримов үшінші мегаполистегі дәрігерлік пункттердің жағдайымен танысты деп хабарлайды diagnews.kz тілшісі. Тілшілердің қатысуымен өткен прес-тур барысында мамандар қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп гимназиясын аралады. Мектеп директорының айтуынша жаңа жүйе енгізілгелі бері мектеп медицинасында оң өзгерістер орын алған. «Қазіргі таңда мектепте 3600 бала білім алуда. Бұрын осынша оқушыға екі медбике медициналық қызмет көрсететін. Жаңа жүйе енгізілгеннен кейін мейірбикелердің саны 4-ке артты. Бұл балалардың мектеп кезінде толыққанды медициналық көмек алуына жол ашты. Сондай-ақ бұған дейін білім ұямызда бір ғана медициналық кабинет болатын. Өткен айда тағы бір кабинет ашылып, толығымен жабдықталды. Жаңа жүйенің тағы бір артықшылығы профилактикалық шаралардың барлығы мектеп қабырғасында жүзеге асырылуда. Айталық бұрындары оқушыларды флюрографияға түсіру үшін емхана алып баратынбыз. Олардың қауіпсіздігі үшін алаңдатып отырушы едік. Ал қазір мамандардың өздері осында келіп профилактикалық шараларды жүргізе береді»,- дейді мектеп директоры Айгүл Керімбаева.
Тоғызыншы сыныпта оқитын Тәңірбергеннің сабақ кезінде басы ауырғасын мұғалім медицина кабиентіне жіберген. Мейірбике пацинетті тексеріп жағдайының жақсы екенін айтты. «Баланың қан қысым қалыпты. Денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ. Жалпы оқушыларға алғашқы көмек көрсетуге мұнда барлық жағдай жасалған. Дәрі-дәрмек жеткілікті»,- дейді Қарлығаш Ізтілеуова. Жалпы МӘМС бойынша мектептегі оқушыларға жыл сайынғы профилактикалық тексерулер мен стамотологтың қызметі көрсетіледі.
Бүгінде Шымкент қаласында 137 мектеп бар. Оларға 18 медициналық мекеме МӘМС жүйесі аясында қызмет көрсетуде. Мектеп ішіндегі медициналық ахуалға қанық болған «Міндетті медициналық сақтандыру Қоры» КЕАҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалының директорының орынбасары Шалқар Шеримов биылғы жылы қаладағы мектеп медицинасының дамуына қазынадан 1 миллиардтан астам қаражаттың бөлінгенін мәлімдеді. «Жыл басынан бері шаһардағы барлық білім ұяларындағы медициналық кабинеттерді қайта жабдықтап жатырмыз. Мамандар санын да көбейтеміз. Бұл өз кезегінде оқушылардың денсаулығын жақсартып, балалар арасындағы түрлі аурулардың алдын-алуға септігін тигізеді»,- дейді Ш.Шакимұлы.
Айта кетейік, 2020 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша Шымкент қаласында 902 мың адам (87 %) денсаулығын сақтандырып, қорға жалпы көлемі 351,6 миллион теңге аударған.