Түркістанда медициналық туризм дамуда
Түркістан облысында дәрігерлер медициналық туризмді дамытуға атсалысуда. Қазір облыстық клиникалық аурухананың қызметіне Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің азаматтары жүгінуде.
Аталған аурухана бүгінде облыс тұрғындарына мамандандырылған және жоғары медициналық көмек көрсетеді. Өңірдегі жетекші медициналық орталық жыл санап шетелдік науқастарды да емдеуде. Мәселен, өткен жылы 100-ге жуық шетел азаматы ем қабылдаған. Шет тілін меңгерген 30-ға жуық маман өзге мемлекеттерден келген науқастарға жоғары деңгейде қызметтерін ұсынған. Жоғары білікті дәрігерлер, сондай-ақ, жыл сайын нейрохирургия, ортопедия, ота жасау, сәулелік диагностика сынды клиникалық жолдамалар бойынша Ресей, Германия, Украина, Үндістан, Оңтүстік Корея, Испания және Израиль мемлекеттерінде біліктілігін арттырып келеді. Одан бөлек шетелдік дәрігерлер осында келіп, жергілікті әріптестерімен тәжірибе алмасып отырады. Қазіргі таңда облыстық клиникалық ауруханаға қарасты 2 емхана және 18 бөлімде 1800-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Өңірге қарасты барлық аудан-қала тұрғындарына жолдама арқылы тегін медициналық қызметтер ұсынылады. Шалғай ауылда тұратын науқастардың жағдайы шұғыл көмекті қажет етсе, ауруханаға санитарлық авиация арқылы жеткізіледі.