Түркістан қылмысы ең аз облыстардың қатарында
Түркістан облысындағы криминогендік ахуал тұрақты. Тіпті облысты республикада қылмысы аз өңірлердің қатарына жатқызуға болады. Бүгін Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков қоғамдық қауіпсіздікті және құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша былтыр атқарған жұмыстары бойынша есеп берді.
Облыстың бас полицейінің айтуынша, облыс жаңадан құрылған кезде көптеген қиындар болған. Десе те тәртіп сақшылары қиындықтарды жеңе білген, тіпті жақсы жетістіктерге қол жеткізіпті.
- Мәселен, республика көлемінде он мың тұрғынға шаққандағы қылмыс саны 128 болса, біздің облыста көрсеткіш 39-ды құрады. Яғни 2 миллионнан астам халқы бар Түркістан облысы еліміз бойынша ең қылмысы аз облыстардың қатарында. Демек біздің облыстағы қоғамдық-саяси ахуал, криминогендік жағдай бір қалыпты,- деді баяндамасында Қайрат Дәлбеков.
Қазір Мемлекет басшысының белгілеп берген басым бағыттары бойынша полиция есірткі саудасы қылмыстарының алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал ұрлығының алдын алу бағытындағы жұмыстарды жандандырып келеді. Өткен жылы облыста есірткі бойынша 166 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлерінің жыл бойына жүргізген есірткіге қарсы күрес жұмыстарының нәтижесінде есірткі бойынша 397 (2018ж.-354) қылмыстық құқықбұзушылық, есірткі егудің 54-жайты, сақтаудың 68-жайты анықталды. Сондай-ақ заңсыз айналымнан 6 тн-дан астам есірткі заты алынса, оның 2 кг-ға жуығы героин тәркіленді.
-Бұл індетпен біз қоғам болып күресуіміз қажет. Өсіріп отырған ұл-қыздарымызға тәрбие беру барысында есірткінің зияндылығын айтып, түсіндіріп, мүмкіндігінше алдын алғанымыз жөн,-деді генерал.