Қайрат Дәлбеков: Ерлік білекте емес, жүректе
Түркістан облыстық полициясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бүгінде өзекті тақырыптардың қатарында тұр. Халыққа берген есебінде бүгін Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генералы Қайрат Дәлбеков осылай деді.
-Бұл бойынша жеке құраммен түсіндіру жұмыстары жиі өткізіліп тұрады. Алайда кейбір қызметкерлеріміздің тәртіп пен заңдылықты сақтамауы жағынан бірқатар мәселелер орын алды. Мәселен, осы сыбайлас жемқорлық бойынша анықталған 12 полицейдің үстінен іс қозғалды. Оның ішінде Сайрам АПБ Көші-қон қызметі бөлімінің бастығы Ғабит Дарханов өз лауазымын асыра пайдаланып, азаматшадан 50 мың теңге пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды,-деді облыстың бас полицейі.
Сонымен қатар, жағымсыз себептермен 40 қызметкер жұмыстан шығарылса, 510 қызметкер жазаланды. 247 рейдтік іс-шара өткізіліп, оның нәтижесі бойынша 202 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондықтан заң баршамызға ортақ, заңды бұзған кез-келген адам қызметіне, лауазымына қарамастан жазасыз қалмауы тиіс.
-Тағы бір айта кететін мәселе, облыс полицейлерінің ерлік тұрғысындағы мақтауға тұрарлық іс-әрекеттері. Оның ішінде Қазығұрттық полицейдің бүтін бір отбасының асыраушысын суицид жасамақшы болған жерінен аман алып қалуы, көпірден секірмекші болған жас келіншектің құтқарылуы, суға батып өмірімен қоштаспақшы болған бойжеткен қыз бен кешегі Жетісайда орын алған соңғы оқиғаны мақтанышпен айтуымызға болады. Яғни жетісайлық полицей Марат небары 3 минутта оқиға болған жерге жетіп, оқушы баланы суық судың ортасынан құтқарып алып, медициналық алғашқы көмекті көрсетті. Полицейдің көзсіз батырлығының арқасында жас бала аман қалды. Сондықтан кез-келген көмекке мұқтаж адамға полиция қызметкерлері өз жанын тәуекел ете отырып, көмек қолын созады және ерлік білекте емес, жүректе,-деді Қ.Дәлбеков.