Атырауға Ресейден келген 5 түркістандықтан коронавирус анықталды
Атырау облысына Ресей Федерациясынан келген Түркістан облысының 5 тұрғынынан коронавирус инфекциясы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік жедел штабтың хабарлауынша, бүгін Атырауда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 32 адаммен толыққан. Оның бесеуі Ресейдің Астрахан облысымен шекарадағы Құрманғазы ауданында анықталған.
«Түркістан облысының 1996, 1992, 1995, 1996, 1988 жылдары туған бес тұрғыны Атырауға Ресей Федерациясынан келген. Олардан алынған коронавирусқа қарсы тест қорытындысында қауіпті инфекцияның бары расталған. Сондай-ақ, Теңіз кенішінің 27 жұмысшысынан да қауіпті індеттің белгісі анықталды. Олардың 21-і — ер адам, ал, алтауы — әйел. Қауіпті індет анықталған науқастардың бәрі инфекциялық стационарға жатқызылды», - деп хабарлады өңірлік жедел штабтан.
Бүгін Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдардың саны 506-ға жетті. Науқастардың 428-і – Теңіз кенішінің жұмысшылары. Сонымен бірге, 147 пациент қауіпті індеттен айығып шыққан.