150-ге жуық медицина қызметкерлері жұмылдырылды

Screenshot_10.png

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы эвакуациялық бекеттерге орналастырылған барлық азаматтарға тиісті көмектер көрсетілуде. Қазіргі таңда аталған аймақта 4 елді мекеннен 5400 адам эвакуацияланды. Жалпы 24 эвакопунктке жайғастырылған адамдардың денсаулығын бақылауға алу үшін 147 медицина қызметкері жұмылдырылған. Оның 58-і дәрігерлер 89-ы фельдшер. Олар бекеттегі азаматтарға тәулігіне 24 сағат бойы қызмет көрсетуде.

Онда дәрігерлер азаматтарға тұрақты түрде COVID-19 вирусының алдын алу шаралары жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Сондай-ақ, эвакуациялық бекеттерде жатқан азаматтар арасында коронавирус індетінің таралуын болдырмау мақсатында 22750 медициналық бетперде 14750 қолғап, 800 литр антисептик, 500 литр дезинцекциялауға арналған сұйықтық және басқа да қорғаныс құралдары үлестірілді. Тағы қажеттілік туындаған жағдайда қорда жиналған құрал жабдықтар қосымша таратылатын болады.

Атап өтейік, көршілес Жетісай ауданы COVID-19 инфекциясының облыстағы бірден бір ошағы болып табылатындықтан, көпшілігін қазіргі таңда осы сауал алаңдатуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Жетісай ауданындағы инфекциялық ауруханада облыс бойынша 32 науқас ем алып жатса, Мақтаарал ауданының ауруханаларында бірде-бір науқас жоқ..