Мейірбикелерді құттықтады
12 мамыр - Халықаралық мейірбикелер күні. Ақ желекті абзал жандарды айтулы күнмен Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов құттықтады. Мерекеде 25 жылдан астам жұмыс өтілі бар 120 медицина маманы құрмет грамотасымен марапатталды. Өз құттықтауында басқарма басшысы «Сіздер күні-түні науқастардың жанында жүріп, аурумен күресте олардың әр бір жеңісі мен жеңілісінің күәгерлерісіздер. Емделушілермен бірге күйзеліп, бірге қуанасыздар да. Қызметтеріңіз ауыр да, өте жауапты. Мерекелік ісшараның реті келмегенімен сіздерге құттықтау тілегімді жолдаймын. Халық игілігі жолында жасап жатқан еңбектеріңізге сәттілік пен абырой, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін» деп ақжарма тілегін жеткізген.
Жетісай аудандық орталық ауруханасының медбикесі Баянсұлу Майлыбаева отбасын көрмегелі бір айдың жүзі болған. 30 жыл өмірін медицина саласына арнаған маман инфекциялық госпитальде тәулік бойы коронавируске шалдыққан пациенттермен бірге.
«Мен үшін бір науқастың болса да ауруын жеңуге үлесім тисе, бұдан асқан марапат жоқ», – дейді қауіпті індетпен күрес алаңында жүрген мейіргер.
Ал Созақ аудандық орталық ауруханасында 508 орта буын медицина маманы халыққа қалтқысыз қызмет етеді. Оның 29-ы акушер, 20-сы фелдьшер, 24-і зертханашы, 5-еуі рентген лобаранты, 2-еуі тіс технигі болса, 427-сі мейіргер. Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бері аталмыш ауруханада халыққа қалтқысыз медициналық көмек көрсетіп келе жатқан жанның бірі бас мейіргер Мәдина Маханқызы.
«Мейіргер тек қана дәрігер бұйрығын орындаушы ғана емес, ол ойшыл, үнемі ізденісте жүретін шығармашыл тұлға, кәсіби білімі бар маман. Мейіргер ісінің негізгі мақсаты адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау қажеттігін қанағаттандыруға негізделеді. Сондықтан оның негізгі міндеті – адамдарды, отбасыларды, халықты физикалық, психикалық, әлеуметтік потенциалын жүзеге асыруға үйрету. Өйткені мейіргер ісінің негізгі философиясы өмірді, адамның құқығы мен абыройын сыйлау, жеке тұлға ретінде қарастыру болып табылады. Яғни, басқа сөзбен айтқанда, мейіргер – емделушінің күтімін ұйымдастырушы, емделушінің күтімін орындаушы, пациенттің ықыласын қорғаушы, кеңесші, зерттеуші, медициналық топтың белсенді мүшесі, көшбасшы», – дейді ол.
Білікті басшы Талғат Әлішерұлы басқаратын ауруханада орта буынды медицина қызметкерлерінің біліктіліген үнемі көңіл бөлінуде. Мұнда 105 мейіргер жоғары санатты, 27-і бірінші, 6-ауы екінші санатты мамандар. Созақ аудандық ауруханасының мамандары мемлекет тарапынан медицинасы дамыған елдерге барып тәжірибе жинақтап, жұмысымызды жетілдіріп жатқан жайы бар. Иә, өмірге сән беріп, тіршіліккке нәр беріп, қалтқысыз қызметін ұсынып, мейірімділік пен жылықтың символына айналған игілікті мамандық иелері қашанда сый-құрметке лайық.
Төл мерекені қазығұрттық ақ халаттылар да атап өтті. Аудандық орталық ауруханасының 3 қызметері М.Пашимовтың құттықтау грамотасына ие болды. Сонымен қатар 56 қызметкерге мекеменің бас дәрігері Б.Ережеповтың алғыс хаты мен гүл шоқтары табысталды.
Қазіргі таңда ауруханада 680 медбике халықтың денсаулығын нығайтып, қолжетімді әрі тиімді медициналық көмек беруде. Соның ішінде тоғыз мейірбике провизорлық стационарда , алты медбике обсервациялық стационарда жұмыс атқаруда.
Жалпы, облыста 18 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері бар. 10 мың медбике ауыл халқының саулығына жауапты.
Айта кетейік, биыл орта буынды медицина қызметкерлері кәсіби мерекені карантин режимінде өткізуде.