Түркістандық медицина қызметкерлері марапатталды

Screenshot_4.jpg

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбегімен дараланған ақ желеңді абзал жандарды "Облысқа сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісімен, "Еңбек ардагері" және "Денсаулық сақтау ісінің үздігі", " Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін" медальдарымен марапаттады.

"Бүкіл әлемді дүрліктірген пандемиямен күресте сіздердің еңбектеріңіз ерен. Қарусыз майданда күні-түні тынымсыз еңбек етіп, талай жанның өмірін арашалап келесіздер. Сіздерге мың алғыс айтамыз ",-деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов өз кезегінде медицина саласын жетілдіру мақсатында, өңірде мамандардың біліктілігін жоғарылату жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті.

«Кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау» бағдарламасы бойынша 2020 жылдың 5 айында 823 маман біліктілігін арттырды. Оның ішінде 44 маман Ресейдің Новосибирск, Санкт-Петербург қалаларында біліктіліктерін арттырып, әріптестерімен тәжірибе алмасты. Биылдың өзінде мамандардың жоғары кәсіби деңгейлерінің арқасында Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында 17 және облыстық балалар ауруханасында 80 күрделі ота жасалған.

Screenshot_5.jpg

Емдеу мекемелерінің медициналық құрал-жабдықтары да үздіксіз толықтырылуда. Биыл жансақтау бөлімшелері 7 дана лопороскопиялық хирургияға арналған видеоэндоскоптық жиынтықпен, 9 дана ультрадыбыстық жүйелермен, 38 дана наркоз аппараттары мен өкпеге жасанды дем беру құрылғылары, 1 дана компьютерлік томограф құрал – жабдықтарымен жабдықталды.

Жалпы, қазіргі таңда облыс бойынша 5202 дәрігер және 18120 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Қазіргідей қиын-қыстау әрі, өтпелі кезеңде әр қайсысының еңбегі ерен, орны ерекше. Карантин режиміне байланысты қалған медицина қызметкерлерінің марапаттары жұмыс орындарына жолданды.

Облыс бойынша биыл «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Құрмет грамотасы» және «Еңбек ардагері» медалімен, Алғыс хатпен және коронавирус індетімен күресте алдыңғы шепте жүрген мамандар «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» мен «Халық алғысы» медалімен 200-ге жуық медицина қызметкері марапатталып отыр.