ДДСҰ: Еуропада күніне 20 мың адам коронавирус жұқтырады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропада пандемияның өршіп бара жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат
Агенттіктің хабарлауынша, Еуропада күніне коронавирус жұқтырудың 20 мың жағдай тіркеліп отыр. Сондай-ақ күніне осы індеттен 700 адам қайтыс болады. Вирус жұқтырғандар санының өсуі соңғы бірнеше айда байқалған. Бұл туралы бейсенбі күні Дүниежүзлік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге Копенгагенде өткен брифингте мәлімдеген.
«Біраз уақыт бұрын Еуропа өңірінде жыл басымен салыстырғанда ауру жұқтыру жағдайлары үлесінің азайғаны туралы хабарланған еді. Соған қарамастан өңірде күн сайын 20 000-ға жуық коронавирус жұқтыру жағдайы тіркеліп, осы індеттің салдарынан қайтыс болғандар саны күніне 700 адамды құраған. Өткен аптада Еуропада бірнеше айдан бері алғаш рет апта сайынғы ауру жұқтыру жағдайлары санының өсуі байқалды», – деп атап өтті Клюге.
Ол коронавирус жұқтырған жаңа жағдайлар саны соңғы екі аптада 30 елде артқанын айтты. Олардың 11-інде аурудың күрт өсуі байқалған. Сонымен қатар Польша, Германия, Испания және Израильде билік COVID-19 жұқтырған жаңа жағдайлардың көбеюіне ден қойып, жылдам әрекет етті.