Тоқаев жаңа министрлік құрды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдайлар министрлігін құру туралы қаулысы шықты.
Қаулының мәтіні президенттің ресми сайтында жарияланды. Төменде мәтіннің толық нұсқасын ұсынамыз.
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, оған: Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, Азаматтық қорғаныс, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюдың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін және одан әрі дамуын қамтамасыз ету, өрттердің алдын алуды және сөндіруді ұйымдастыру саласындағы қызметі;
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру;
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту бойынша функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, құрылсын.
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар мен жаңадан құрылған Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, сондай-ақ оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың арасында штат санын қайта бөлуді;
2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.
3) Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі берілетін функциялар мен өкілеттіктер шегінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика министрліктерінің құқықтары мен міндеттемелерінің мирасқоры болып белгіленсін.
4) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2019 ж., № 22, 205-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:
1-тармақ мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын: "Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі".
5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.