Шымкентте қос ана балаларына бүйрегін берді
Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада екі науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалды. Дәрігерлер қос ананың бүйрегін науқас балаларына хирургиялық жолмен салып берді.
Бейбіт Сидазимов 2 жылдан бері бүйрек жетіспеушілігі дертімен есепте тұрады. науқас бұған дефін төсекке таңылып, гемодиализ аппаратына қосылған. Бүйрегінде ахауы бар 27 жастағы азаматқа туған анасы донор болды. 1965 жылғы азаматшаның дәрігерлер бір бүйрегін хирургиялық жолмен алып, туған ұлына сәтті қондырған. "Қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлерге үлкен алғысымды білдіремін. Өмірге қайта келгендей күй кешіп отырмын. Анама рахмет",- дейді Бейбіт.
Ұзақ жылдардан бері аурудың азабын тартқан Асылбек Түймебайға анасы Аққыз Бижанова бір бүйрегін берді. Туыстық транспланталогияны дәрігерлер 10 қыркүйек күні жасаған. Екі сағатқа созылған ота сәтті аяқталған. "Дұшпаныңа да тілемейтін ауру екен. Анам мен ауырғанда донор боламын деп келісімін берді. Дәрігерлер тексере келе анамның донор болуға жарайтынын айтып, отаға дайындалдық. Барлығына айтар алғысым шексіз",- дейді Асылбек.
Жалпы, шымкент қалалық клиникалық ауруханасында трансплантациялық қызмет қарқынды дамып келеді. Мұнда 2013 жылдан бері 160 бүйрек пен 21 бауыр алмастыру операциясы жасалған. "пандемияға байланысты биылдыққа оталар тоқтап қалған еді. Бұл екі ота жыл басынан бергі жасалған алғашқы оталар. Пациенттердің де, донор болған жандардың да жағдайы қазір жақсы. жалпы ағымдағы жылға шамамен 20-25 трансплатациялық ота жасаймыз деген жоспарымыз болған. Бұйыртса өзге науқастар да операцияға дайындық үстінде",- дейді нефрология бөлімінің меңгерушісі Владислав Ли.
Шымкент қалалық клиникалық ауруханасы - материалдық-техникалық жабдықталуы мен ағзадағы органдарды ауыстыру жағынан тәжірибесі мол мамандармен толық қамтамасыз етілген орталық. Мұндағы гемодиализ орталығында бүйрек алмастыру отасын қажет ететін 400-ге жуық науқас есепте тұрады. Донор табылған жағдайда, ауруханадағы білікті мамандар науқастарға трансплантация жасауға дайын.