Коронавирустан қайтыс болған дәрігердің отбасына тексеру жүргізілместен төлемақы берілсін
Коронавирустан қайтыс болған дәрігердің отбасына тексеру жүргізілместен төлемақы берілсін. Бұл туралы коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Індеттің екінші толқыны жағдайында негізгі соққыны тағы да медиктер өздеріне алады. Дәрі-дәрмек пен аппараттар емес, дәл солар біздің негізгі ресурстарымыз саналады. Медицина қызметкерлерін қолдау қажеттігі ешкімге күдік тудырмайды. Менің тапсырмаммен екінші жартыжылдықта төлемақыға 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Дегенмен, төлемақы мен сақтандыру төлемін алуда әлі күнге дейін бюрократиялық кедергілер жасалып, тіпті бұл мәселемен Парламент те айналысты. Жергілікті жерлерде төлемақы бойынша «цифрлармен ойын» жалғасып, оларды бөлудің әлі күнге дейін ашықтығы жоқ. Бұл жол беруге болмайтын ахуал. Бұған қоса, бас дәрігерлер жұмыс уақытын дәрігердің пайдасына емес түзетуге тырысады. Медицина қызметкерлері өздеріне тиесілі ақшаны өтініп сұрап алуға тиіс емес», - деді Мемлекет басшысы. ҚР Президентінің дерегінше, 2020 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдайға сәйкес, індет кезеңінде коронавирустан 182 медицина қызметкері қайтыс болды. «Қазір бұл жағдайлар түрлі комиссияда қаралып, өтемақы тек 37 ғана отбасыға төленген. Мүлдем жол беруге болмайтын жағдай. Постфактум өлім себебін анықтау көптеген қиындықтарды, оның ішінде әдеп сипатындағы қиындықтарды тудырады. Осыған орай Үкіметке бұл мәселеде мұндай тексерулер жүргізбестен қаза тапқан медицина қызметкерінің отбасына тиесілі барлық төлемақыны төлеуді тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы медицина қызметкерлері қызмет барысында ауру жұқтырып алғаны дәлелденген жағдайда қысқа мерзімнің ішінде төлемақы мүлтіксіз төленуі тиістігін баса айтты. «Коронавируспен күрес үшін үстемақының бір бөлігін әкімшілеу әкімдіктердің желісі арқылы жүргізіледі. Осыған орай өңір әкімдеріне бұл мәселені жеке бақылауда ұстауды тапсырамын», - деді ҚР Президенті.
Бөлісу тақырыбы: Коронавирустан қайтыс болған дәрігердің отбасына тексеру жүргізілместен төлемақы берілсін