ШЫМКЕНТТЕ 13 ДИАГНОСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ҚҰРЫЛДЫ

Screenshot_3.jpg

Шымкент қаласында коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдайтын 13 диагностикалық орталық ұйымдастырылды. 

Бұл жөнінде қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Бақытжан Позилов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте баяндады.

- Диагностикалық орталықтарда 17 КТ және 30 рентген аппараты бар. Сонымен бірге, 6 ПТР зертханасы бар, оның 2-уі жаңадан ашылды. Олар  тәулігіне 2 500 тест қабылдайды, - деді. 

Сонымен қатар, медицина мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтау бойынша қосымша 282 ИВЛ алынып, қалада ИВЛ саны 612 бірлікке жеткенін айтты. Жаңа 3 оттегі станциясы мен 9 сұйық оттегі резервуары қондырылған. 

Одан өзге, қыркүйек айында медицина ұйымдарының өзара әрекет алгоритмі пысықталып, науқастарды категорияларға бөлуді үйлестіру үшін 3 рет оқу-жаттығу өткізілді. Осы уақыт ішінде 10 164 медицина маманы коронавирус инфекциясымен күрес бойынша оқытылды.

Ал, емханалар жанынан құрылған 67 мобилді топ 29 415 пациентке медициналық қызмет көрсетті. Науқастарға жедел жәрдем көрсету мақсатында жаңа call-center іске қосылды. Шақыруды қабылдау линиясы 9-дан 28-ге өсіп, операторлар саны үш есеге артты. Бүгінгі таңда қоңырау қабылдау қуаттылығы тәулігіне 3 500-ге жетті.