Түркістан облысында блок бекеттер қойылмайды
Түркістан облысында медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы едәуір толыққан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлімдеді.
«Қазіргі таңда өңірдегі медициналық мекемелерде өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараттарының саны 178-ден 332-ге дейін артып, өсім 46,4%-ды құрады. Ал оттегі станциясының саны 2 есеге артып, 8-ге жетіп отыр. Сондай-ақ, 80 бірлік оксигенация аппараты (HI-FLOW) сатып алынды. Оттегі концентраторларының саны 890 бірлікке жетіп, өсім 95%-ды құрады. Оттегі нүктелерінің саны 9,7 есеге артып, 205-тен 2005 нүктеге дейін ұлғайды. Ағымдағы жылы облыстық бюджет есебінен 1 дана компьютерлік томограф пен 3 дана сандық рентген аппараттары орнатылды», - деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, облыстағы медициналық ұйымдардың пульсоксиметрмен қамтамасыз етілуі 190-нан 3879-ға дейін жетіп, 95,1%-ға артқан. ПТР зертханаларының саны 3 бірліктен 9 бірлікке дейін өсіп, күн сайын 2500-ден астам тестілеуге мүмкіндік беруде. Коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындық мақсатында облыстың медициналық ұйымдары дәрілік заттармен толық қамтамасыз етілген. Екі айлық қор резерві қалыптастырылған.
Өңірдің бүгінгі эпидемиологиялық ахуалын баяндаған облыстың бас дәрігері коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызу үшін тұрақты негізде 600 инфекциялық және 340 карантиндік төсек-орын ұйымдастырылғанын жеткізді. Карантиндік төсек орындар Мақтаарал, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында орналасқан. Пандемияның түрлі сценарийіне байланысты төсек-орнын 5 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар.
Облыс бойынша қазіргі таңда коронавируспен 1 адам стационарлық ем қабылдап жатса, амбулаториялық жағдайда ем қабылдаушылар – 18 адам. Қарым-қатынаста болған 116 адам медициналық бақылауда. Түркістан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышановтың айтуынша әзірге өңірдегі эпидемиология ахуал тұрақты болғандықтан блок-бекеттерді қоюға негіз жоқ.
Брифинг барысында облыстың бас санитариялық дәрігері жеке азаматтардың той-мерекелерді атап өтуі толастамай жатқанын, сондықтан пандемия уақытында облыс тұрғындарын жалпыға ортақ тәртіпті сақтауға шақырды. Сондай-ақ Нұрбек Садықбекұлы мал базарларының жайын да баяндап өтті.
«Жаңадан қабылданған қаулыға сәйкес, 3 қарашадан бастап облыс аумағындағы мал базарлары санитариялық-дезинфекциялық режимді күшейтіп, 30%-дан асырмай толтырумен, аптаның жұмыс күндері жұмыс істеуіне рұқсат етілді. Облыс бойынша 31 мал базар бар. Олардың ішінде 3-еуі жабық типтегі базарлар. «Infokazakhstan» сайтына мал базарлардан ашылуға 16 өтініш түсті, оның 7 қаралып, Қазығұрт, Ордабасы, Келес, Төлеби аудандарындағы 4 мал базарының жұмыс істеуіне рұқсат берілді, 3 - қайтарылды, 9- қаралуда», - деді облыстың бас санититариялық дәрігері. Айта кетейік, мал базарлардың қызметіне тыйым салынған кезінде Түлкібас ауданы, Машат ауылында орналасқан «Ет өнімдері KZ» ЖШС-не қарасты мал базары ағымдағы жылдың 7 және 21-қазан күндері карантин талаптарын бұзғаны үшін заңды тұлғаға 230 АЕК көлемінде 2 айыппұл салынған.