Медициналық жедел-жәрдем қызметі 96%-ға жаңарады
Түркістан облысында өкпені жасанды желдету аппараттарының саны 46,4%-ға артқан. 8 ауруханалардың жанында оттегі станциялары орнатылды. 80 бірлік оксигенация аппараты (HI-FLOW) сатып алынды. Оттегі концентраторларының саны 95 %-ға артып, 900-ге жуықтады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев журналистерге арналған баспасөз конференциясында мәлімдеді. Жиында өңір басшысы коронавирустық инфекцияның ықтимал екінші толқынына белсенді дайындық барысында аймақтағы медициналық ұйымдарында материалдық-техникалық базалардың барынша жасақталғанын айтты.
«Емдеу мекемелерінде ашылған 10 зертханада Covid-19 инфекциясын анықтау үшін тәулігіне 5000 сынама алу мүмкіндігі бар. Облыстың шалғай ауылдары 12 жылжымалы медициналық кешенмен және жедел жәрдем станциясының паркі 13 реанимобильмен толықты. Облыстық жедел-жәрдем қызметін жыл соңына дейін тағы 122 автокөліктерімен жабдықтау көзделген. Оның 43-і жеткізілді. Бұл медициналық жедел-жәрдем қызметі паркін 96%-ға жаңартуға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Коронавирус індетімен күреске жұмылдырылған 5000-ға жуық медицина қызметкеріне жұмыс уақытын есепке алу деректерінің негізінде 7,2 млрд.теңге қаржылай үстемеақы төленді. Сovid-19 инфекциясымен күресте көз жұмған 16 медицина қызметкерінің туған-туыстарына 10 млн. теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, коронавирус індетін жұқтырған 182 денсаулық сақтау саласының қызметкері 2 млн. теңгеден мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы әлеуметтік төлем алды.