Таразда белгілі тұрағы жоқ азаматтар ПТР-талдауын тегін тапсыра алады
Тараздағы өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды, қайта әлеуметтік бейімдеу орталығында үй-күйсіз жүргендерді ПТР тестілеу мәселесі шешілді,- деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ беттерінде Таразда белгілі тұрағы жоқ азаматтар әлеуметтік бейімдеу орталығына кіре алмай жүргені туралы ақпарат жарияланған болатын. Оған себеп ретінде келушілерден коронавирус дерті жоқ екенін растайтын сынама нәтижелері талап етілгендігі айтылған-ды. Аталған мекеме басшысы бүгінде бұл мәселенің оң шешімі табылғанын айтады. «Мәселе туындағаны рас. Алайда кеше ол оң шешімін тапты. Енді біздің қызметкерлер келушілерді «Ұлттық экспертиза орталығының» филиалына апарып, сол жерде тегін ПТР-сынама алынады. Нәтижесі шыққанша, олар уақытша фильтр бөлмеде болады. Теріс нәтиже шыққан жағдайда келуші 14 күндік карантинге оқшауланады. Осы уақыт өткен соң ғана келушіні жалпы палатаға орналастыра аламыз»,- дейді орталық директоры Гаухар Сейітқазиева.