Түркістан облысында бір тәулікте 2 жарым мыңға жуық азамат коронавирусқа тест тапсырды
Соңғы апта ішінде Түркістан облысы бойынша коронавирустық инфекциямен 22 жағдай тіркеліп, аурушаңдық алдыңғы аптамен салыстырғанда 8 жағдайға өскен. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Инфекциялық стационарларда 6 науқас Covid-19 инфекциясынан және 28 адам вирусты пневманиядан ем қабылдауда. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов баяндады.
Зертханаларда өткен тәулікте 2 233 адам коронавирустық инфекцияға сынама тапсырған. Екеуінен оң нәтиже шықты. Бүгінгі таңға облыста тест қалдығы 76 763-ті құрайды. Жалпы, Түркістан облысында пандемия басталғалы бері COVID-19 індетін жұқтырған 3 461 науқас тіркелген. Жазылып шыққандар саны 3 378.
Індеттің ықтимал екінші толқынына дайындық мақсатында өңірде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы үздіксіз жабдықталуда. 8 ауруханада қосымша оттегі станциялары орнатылған. Сондай-ақ, 80 бірлік оксигенация аппараты (HI-FLOW) сатып алынды. Бұдан бөлек, оттегі концентраторларының саны 900-ге жеткізіліп, оттегі нүктелерінің саны 2 095 нүктеге дейін арттырылған.
Барлық емдеу мекемелерінде 2-3 айлық дәрі-дәрмек қоры дайын. Жедел-жәрдем қызметіне 122 автокөлік қамтамасыз ету жоспарланып, бүгінгі күнге 77 автокөлік жеткізілді.
Бөлісу тақырыбы: Түркістан облысында бір тәулікте 2 жарым мыңға жуық азамат коронавирусқа тест тапсырды