COVID-19: Әлемде 1,5 млн науқас көз жұмды
Әлемде коронавирусты жұқтырғандар саны 62 милионнан асып, дерттен көз жұмғандар 1 миллион 500 мыңға жуықтаған. Бұл – америкалық Джонс Хопкинс университетінің соңғы мәліметі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, соңғы бір тәулікте ғаламда вирус 750 мыңға жуық адамнан анықталған. Бұл – індет таралғалы бергі ең жоғарғы тәуліктік көрсеткіш. Дертті жұқтыру дерегінің басым бөлігі Солтүстік пен Оңтүстік Америка, Еуропа және Оңтүстік шығыс Азияда тіркеліп отыр.
Ресейде бір апта ішінде коронавирус жұқтырғандар саны 179 987 адамға артты. Бұл туралы жаңа инфекциямен күрес жөніндегі федералды жедел штаб мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап. Бір аптадағы ауруға шалдыққандар саны қыркүйектегі бір айлық көрсеткішпен шамалас. Еске сала кетейік, қыркүйек айында жалпы саны 180 967 адам вирус жұқтырған еді. Анықталған жағдайлар саны өткен аптадағы көрсеткіштен 10,1% артық. Өткен аптада 163 504 пациент ауруға шалдыққан болатын. Өлім жағдайларының да саны артты. Соңғы жеті күнде 3 348 адам індеттен көз жұмған. Ал өткен аптада қайтыс болған науқастар саны 2 993 адамды құраған еді. Бір аптада Ресейде коронавирус диагнозы қойылған 166 014 пациент ауруханадан шығарылды. Өткен аптада оның саны 155 458 адам болған еді. Емделіп шыққан ресейліктердің үлесі 76,4% -дан 77,6% -ға дейін өсті.
АҚШ-та өткен тәулікте 205 мыңнан астам адамның вирус жұқтырғаны анықталыпты. Бұл – елде індет таралғаннан бергі ең жоғары тәуліктік көрсеткіш. Бұған дейін қарашаның 21-і күні 195 мыңнан аса адам вирусқа шалдыққан еді. Кей мамандар Рождество мерекесінен кейін науқастар саны күрт өсуі мүмкін деп отыр. Билік келесі аптадан бастап ауруханаларға вирусқа қарсы вакцина жеткізілетінін хабарлады. Бұл туралы президент Дональд Трамп мәлімдеді. Екпе ең алдымен дәрігерлер мен қарт адамдарға салынады.
Мексикада коронавирустан бір күнде 645 адам қайтыс болды. Қаралы хабарды осы елдің денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі жеткізді. Латынамерика елінде ковидтен көз жұмғандар қатары 104 мыңнан асқан. Сонымен бірге осыдан екі күн бұрын 8 мың 107 тұрғынның індетті жұқтырғаны анықталды. Осының алдында Мексиканың Сыртқы істер министрі желтоқсан айының ортасында жаппай екпе шаралары басталатынын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, жергілікті билік АҚШ пен Еуропада әзірленіп жатқан вакциналардың ресми куәлік алғанын күтіп отыр.
Португалия астанасында індетпен күрес мақсатында полицейлер көліктерді тексере бастады. Жаңа шектеулер бойынша түнгі сағат 11-ден таңғы 5-ке дейін бір жерден екінші мекенге сапар шегуге тыйым салынған. Алдағы дүйсенбіден бастап барлық мектептер жабылып, кәсіпорындардың жұмыс уақыты қысқартылады. Шара ұлттық мерекелер алдында індеттің өршуін тоқтату үшін қолға алынған. Португалияда вирус жұқтырғандар саны 300 мыңға тақады. Соңғы тәулікте вирус 5 мың адамнан анықталған.
Бельгияда қатаң карантин мен коменданттық сағат қаңтардың 15-іне дейін ұзартылды. Тәртіпке сай барлық кәсіпорын мен компания қашықтан жұмыс істеуін жалғастырады. Мейрамханалар мен дәмханалар, мәдени және ойын-сауық орындары да ашылмайды. Барлық жеке мереке-кештерді ұйымдастыруға тыйым күшінде қалды. Әр отбасы үйіне тек бір қонақ қана шақыра алады. Тәртіпті бұзғандарға 250 еуро көлемінде айыппұл салынады. Тек желтоқсанның 1-інен бастап азық-түлік дүкендерінен басқа да дүкендерді ашу туралы шешім қабылданды. Бельгияда соңғы 2 аптада 3,5 мыңнан астам адам вирус жұқтырып, науқастардың жалпы саны 16 мыңнан асқан.
Францияда желтоқсан айының ортасына қарай елдегі эпидемиологиялық ахуал толық бақылауға алынады. Математикалық есеп жүргізген ел билігі санитарлық талаптар толық орындалар болса, елде вирус жұқтырудың тәуліктік деңгейі 5 мыңға дейін төмендейтінін айтады. Қазір бұл көрсеткіш 17 мыңның төңірегінде. Соған қарамастан, Францияда дүкендер мен сауда орталықтары қайта ашылды. Бірақ олар бірқатар талапты қатаң сақтауы тиіс. Яғни сауда орталықтарында әрбір сатып алушы үшін 8 шаршы метр жер қарастырылуы керек. Сонымен қатар адамдар қозғалысы тек бір бағытта болуы тиіс. Бұдан бөлек, желтоқсанның ортасында елдегі локдаунды коменданттық сағатпен алмастыру көзделген. Жалпы француз жұрты қалыпты өмірге қаңтардың 20-сынан кейін оралады. Себебі осы күннен бастап елдегі барлық шектеу шаралары алынып тасталады. Кафе-барлар да жұмыс істей бастайды. Елдің премьер-министрі үш ай бойы қызметін тоқтатып, шығынға белшеден батқан бұл салаға барынша қолдау көрсететінін жеткізді.
Германияда коронавирусты жұқтыру деректерінің саны бір миллионнан асып кеткен. Әлемде бұл межеден асқан 12 мемлекет бар. Көбі Еуропа және Латын Америкасының елдері. Осыған дейін Германияда эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты қарашаның басында жарияланған локдаун ұзартылатыны белгілі болды. Бұл елдің билігі Рождество мен Жаңа жылда вирустың одан әрі өршіп кетуіне жол бермеудің жолын қарастырып отары.
Пәкістанда барлық оқу орындары карантинге жабылды. Сауда орталықтары мен базарларда шектеу шаралары күшейтілді. Білім беру мекемелері алдағы жылдың 10-қаңтарына дейін ашылмайды. Айта кетейік, соңғы мәлімет бойынша Пәкістанда коронавирус инвекциясын жұқтырғандар саны 382 мың адамнан асқан. Медицина қызметкері Ясин Акбардың айтуынша, қазан айында күніне коронавирус жұқтырған 14 науқасқа түсетін. Ал қазір олардың саны 70-ке жеткен. Бұл індетті тоқтатудың бірден бір қарапайым жолы бетперде кию және қолды үнемі тазалап жүру.
Үндістанда халықты коронавирусқа қарсы егуге дайындалып жатыр. Алғашқы лектің өзі 30 миллион тұрғынды қамтиды. Бұл Үндістандағы Вакцинациялау туралы ұлттық комитеті таратқан мәлімет. Қауіпті вирусқа қарсы екпе алдымен дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне, жасы елуден асқан тұрғындар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салады. Екпе салу келесі жылдың наурызынан мамыр айына дейін дейінгі аралықта іске асырылмақ. Билік дертке қарсы вакцина барлық сынақтардан өтіп, қауіпсіздік талаптарына сай болуы қадағаланатынын айтады.