Түркістан облысында жылжымалы медициналық кешендер арқылы коронавируспен күрес күшейтілді
Түркістан облысы Кентау қалалық емханасының қызметкерлері жылжымалы медициналық кешенмен шалғай ауылдарды аралап, қызмет көрсетуге кірісті. Таяуда ғана сатып алынған жылжымалы емхананың алғашқы қабылдауы Кентау қаласына қарасты Ескі Иқан ауылының Достық елді мекенінен басталды.
Достық ауылының 150-ге жуық тұрғыны Кентау қалалық емханасынан келген арнайы мамандар: кардиолог, гинеколог, педиатр, рентген, УДЗ, ЖТБ дәрігерлерінің тексерілуінен өтті. Науқастарға тиісті емдік шаралары мен жолдамалар берілді.
Ақ халаттылар әсіресе коронавирус инфекциясымен күреске аса зейін қойған. Тұрғындардың басым дені өкпелерін заманауи рентген аппаратына түсіріп, індеттің алдын-алу бойынша дәрігерлік кеңес алды. Тексеру барысында Covid-19 инфекциясымен күдікті науқас тіркелген жоқ.
Жалпы, Түркістан облысына коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары аясында алынған 12 жылжымалы медициналық кешен флюрография, ультра дыбыстық аппарат, зерттеулерге арналған анализаторлар, офтальмоскоп, глюкометр және тағы басқа құралдармен жабдықталған. Ауыл тұрғындарының медициналық қызметтерге қол жетімділігін арттыру мақсатында Кентау қалалық емханасының дәрігерлері келесі жылдан бастап бекітілген тізімге сәйкес шалғай ауылдарды аралайтын болады.
Бөлісу тақырыбы: Түркістан облысында жылжымалы медициналық кешендер арқылы коронавируспен күрес күшейтілді