Шымкентте 46 азамат мемлекеттік наградамен марапатталды

Screenshot_13.jpg

Шымкентте тәуелсіздік күнінің қарсаңында 46 азамат мемлекеттік наградамен марапатталды. Мерекелік жиында қала әкімі Мұрат Әйтенов Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап,  егемендік жылдары Шымкенттің қарыштап дамығанын тілге тиек етті. 

– Тәуелсіздік арқасында Шымкент қаласының дамуы жаңа деңгейге көтерілді. Еліміз егемендік алған жылы Шымкентте халық саны 400 мың адам болса, бүгінгі күні 1 миллион адамнан асты. Қала аумағы кеңейіп, 13 мың гектардан 116,3 мың гектарға дейін ұлғайды. 

Мұрат Дүйсенбекұлы өз сөзінде қала бюджеті 1994 жылғы 1,0 млрд. теңге болса, бүгінгі күнде 455 млрд. теңгеден асқанын жеткізді. Қала экономикасына 2,6 трлн-нан астам инвестиция бағытталған. 1991 жылдан бері 6,1 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілгенінен дерек келтірді. 

Салтанатты жиында “Асар” мөлтек ауданынынан 1200 орындық жалпы орта мектеп, “Нұрсәт” мөлтек ауданынан бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын«Атамекен» медициналық орталығын және түсті металл мен арматура шығаратын өндіріс орны онлайн форматта ашылды.

Screenshot_14.jpg 

Сонымен бірге, салтанатты шарада ҚР Президентінің Жарлығымен, мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Шымкент қаласының 46 азаматы ҚР Мемлекеттік наградамен марапатталды. Марапат иелерінің ішінде шаһардың медицина саласының дамуына үлес қосып жүрген, пандемия кезінде ерлік көрсеткен азаматтар да бар.  Атап айтқанда:   ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен Жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының жүргізушісі, пандемия кезеңінде көптеген азаматтардың  өмірін сақтауға үлкен үлес қосқан медицина саласының қызметкері Василий Минчук, №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының бақылаушы санитары, психикалық дертпен ауыратын азаматтарға қамқорлық көрсетіп жүрген азамат Серік Әліходжаев, №3 Шымкент балалар үйінің логопеді, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қоғамда дамуына үлес қосып келе жатқан тәрбиеші Гүлнара Исаева , «Шапағат» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығының еңбек терапиясы жөніндегі инспекторы, жүзуден Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, 2019 жылы өткен Қазақстан Республикасының параолимпиада ойындарының чемпионы, Шымкент қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаттығу залын ашқан еңбекқор азамат Мақсат Сәрсембаев  марапатталса,  «Шапағат» медалімен қалалық кардиологиялық орталығының бөлім меңгерушісі, қала халқының денсаулығын қорғау ісіне және медицина саласының дамуына ұзақ жылдар бойы еңбек сіңіріп жүрген азаматша Татьяна Пахомова, «Қызыл ай» қоғамы Шымкент қалалық филиалының волонтеры, пандемия таралу кезеңінде 500-ге жуық мұқтаж отбасыларға азық-түлік пен медициналық жабдықтарды таратуға үлесін қосқан Бахтияр Дулаев,  «Мукополисахаридоз» ауру түрімен ауыратын балалардың қамқоршысы, аталған ауру түрімен ауыратын балаларға «Наглазим» дәрісін Қазақстанға алғаш рет енгізіп, аталған ауру түрімен ауырған балаларға тегін таралуына үлес қосқан Светлана Ахметова, «Көгершін» Протездеу-ортопедиялық орталығының төрағасы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық жасап, көмек көрсетіп жүрген ардақты азамат Байдалихан Айдосов және №5 қалалық емхананың бас дәрігері, қала халқының денсаулығын қорғау ісіне және медицина саласының дамуына ұзақ жылдар бойы еңбек сіңіріп жүрген азаматша Жібек Сейдалина марапатталды.