Шымкенттік дәрігерлер жүкті әйелді жедел жәрдем көлігінде босандырып алды
Аяғы ауыр әйел толғағы жиілегендіктен жедел жәрдем бригадасын шақырған. Дәрігерлер оның жағдайын қарап, тексеріп, перзентханаға апармақ болады. Бірақ, нәресте перзентханаға дейін баруды күтпей, жолда, жедел жәрдем машинасында дүниеге келді.
№82 бригада фельдшерлері Мәди Абзал, Әуесхан Нүркен абдырамай, келіншекті босандырып алды. Мұнан кейін анасы мен нәрестесін қалалық перинаталдық орталыққа жеткізеді. Акушерлер олардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалады.
“Жедел жәрдем қызметкерлері маған алғашқы медициналық қызмет көрсетіп, перзентханаға барар жолда босандырып алды. №82 бригада қызметкерлеріне алғыс айтамын. Жедел жәрдем көлігінде дүниге келген баламның ақ халатты абзал жан болғанын қалаймын”, - дейді Анаргүл Өскен.
Айта кетейік, жедел жәрдемде босанып алған 23 жастағы Анаргүлдің бұл - екінші жүктілігі. Дүниеге келген қыз баласының салмағы 3 келіден асады.
Бөлісу тақырыбы: Шымкенттік дәрігерлер жүкті әйелді жедел жәрдем көлігінде босандырып алды