Түркістанда 950 мың адамға вакцина егіледі

Түркістан облысына «Спутник-V» вакцинасының 1300 дозасы жеткізілетін болады.  Өңірде жыл басынан бері COVID-19 инфекциясының 361-жағдай анықталған, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш 17,8 құрайды. Оның ішінде симптомдармен-62 жағдай, симптомдарсыз-299 жағдай тіркелген. 

image.png

Вакцинаның сапасын қамтамасыз ету үшін арнайы мұздатқыш камералар қажет. Мұндай  мұздатқыш камералардың өңірде 600 л 2 данасы бар. Бұдан бөлек, 10 ақпанға дейін 20 дана 140 л мұздатқыш камералары алынады. Сондай-ақ, 15 ақпанда тағы 2  вакцина сақталатын 600 л  тоңазытқыш күтілуде. Түркістан облысында аталмыш камералардың жетіспеушілігі байқалмайды. 

«Жалпы 950 мың адамға вакцина егілетін болады. Бірінші инфекциялық ауруханада жұмыс істейтін медиицна қызметкерлеріне. Мұнан соң жедел жәрдем, емханада қызмет ететін мамандарға. Түркістан облысына ақпан айының соңына дейін тағы 180 мың вакцина дозасы жеткізілмек», - дейді Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов.

Айта кетейік, вакцинаны жеткізу жұмысы негізгі 4 кезеңнен тұрады. Ең алдымен өндірушіден бірыңғай дистрибьютордың қоймасына жеткізіледі. Одан кейін бірыңғай дистрибьютордың қоймасынан өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының дәріхана қоймаларына әкелінеді. Осыдан кейін үшінші кезеңде өңірлердегі денсаулық сақтау басқармалары бұл вакциналарды қалалар мен аудандардағы медициналық ұйымдарға тасымалдайды. Төртінші кезеңде вакцина сол медициналық ұйымдарда сапалы күйде сақталуы керек.

Сурет ашық дереккөзден алынды