Райымбек ТАСЫРБАЕВ: Автоматтандырылған жүйе дәл диагноз қоюға көмектеседі
Екі жыл еліміздің ең үздік емдеу мекемесі деп танылған Түркістан қалалық орталық емханасының табалдырығынан аттағанбыз. Былтырғыдай қолына дене қызуын өлшейтін құрал ұстаған қызметкер алдымыздан шыққан жоқ. Есесіне робот термометрия тұр. Білегімізді жақындатып, қызуымыздың жоғары емес екенін білдік.
Мұнтаздай тап-таза әппақ ғимараттың ішінде топырлап жүрген жұрт жоқ. Тып-тыныш. Орта жастағы бір кісі үлкен қабырғаға ілінген мониторды тамашалап тұрғандай көрінді. Жоғары жағына «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» деп жазып қойыпты. Өзіңе қызмет етудің сырын білмекке жақындағанбыз. Монитор дегеніміз сенсорлы экран екен, емхана дәрігерлерінің фотолары көрсетіліп, аты-жөндері жазылып тұр. Іздеген дәрігеріңіздің тұсын бассаңыз, оған қалай баратыныңызды бағыттай қояды. Тепкішекпен көтеріліп, кабинетіне кіріп барғандай, алдыңыздан дәрігердің фотосы шыға келеді... Цифрландыру! Емдеу мекемесінде адамның аз болуының сыры да осы цифрландыруда болып шықты.
Бес минутта диагнозын айтады
– Облысты ең алғаш болып, смарт-кардио, смарт-ЭКГ бағдарламары Түркістан қалалық орталық емханасында ендірілді. Бүгінде 6 бөлімшеміз осы жүйеге жалғанған. Нәтижесінде 25-30 шақырым жерде орналасқан дәрігерлік амбулаторияда ЭКГ аппаратымен тексерілген пациенттің түсірілімін орталық емханадағы медицина маманы базадан көріп отырады. Білікті дәрігер жүрек қағысының кінәраты бар-жоғын анықтап, диагноз қорытындысын бес минуттың ішінде амбулаторияға қайта жолдайды. Яғни, пациент дәрігерді іздеп сабылып әуре болмайды, – деді емхананың бас дәрігері Райымбек Тасырбаев.
Тасырбаевтың тындырымды тірліктері мұнымен ғана шектелмейді екен. Емханадағы заманауи екі аппарат толық цифрландырылыпты. Нәтижесінде қағазбастылық жойылып, артық шығындар азайып, уақыт үнемделіп, қызмет сапасы артуда.
– Цифрландыру жүйесімен жұмыс істейтін әлгі екі аппаратттың бір ғана мысалын айтайын. Біріншіден, рентген түсірілімінің сапасы жоғары болса, екіншіден, ол ешқашан жоғалмайды. Пациенттің медициналық төлқұжатында өмір бойы сақталады. 10 жылдан кейін де дәрігер азаматтың ЖСН-ін теріп іздесе, базадан оңай таба алады, – дейді Райымбек Берікұлы.
Ел ішінде сүт безінің қатерлі ісік ауруы көбейіп тұрған кезеңде обырдың алдын алу және ерте анықтау мақсатында емханаға цифрлық маммограф пен УДЗ аппараты сатып алынып орнатылыпты. Бұл қондырғылар өз кезегінде диагнозды дәл қоюға көп көмектеседі.
Жасыл дәліз – кідіріссіз көмек
Қатерлі ісік демекші, ақпанның алғашқы он күндігі онкологиялық дерт түрлерінің алдын алуға бағытталды емес пе? Мұндағы тағы бір жаңашылдық сол онкологиялық сырқаттарды ерте анықтау мақсатында қолға алынған жасыл дәліз жобасы. Емханаға келген пациент ең алдымен дәрігерге дейінгі тексеру бөлмесінен өтеді. Сол кезде денесінде түйін секілді белгілер байқалса, орта буын медицина маманы оны бірден аймақтық дәрігерге жібереді. Қолына жасыл білезік тағылады. Яғни, ол пациент нақты диагнозы қойылғанға дейін кез келген бөлмеден кезексіз өтеді. Аймақтық дәрігер мақұлдаса, онкологқа жолдайды. Онколог лабораторлық аспаптық тексерулерді тағайындайды. Анализдер тапсырады, рентгенге түседі, УДЗ тексерулері жүргізіледі. Мұның бәрінен бір күнде өтеді.
– Бізге уақыт жоғалтпауға жасыл білезік көп көмектеседі. Бұрын бүгін келген пациентті ертесіне не екі-үш күннен соң рентгенге не УДЗ-ға қабылдап, жоғалтып алып жатқан жағдайлар болған. «Құдай сақтасын!» деп жалқаулығы ұстап келмей қоя салатындар бар. Сондайларды болдырмас үшін диагнозының толық әрі анық қорытындысы шыққанға дейін жібермейміз. Жасыл дәліз жүйесінің тиімділігі осы. Нәтижесінде былтырғы жылдың қорытындысында бірінші, екінші сатыдағы онокологиялық ауруларды анықтаудың үлесі артты. Осылай бірнеше адамның ауруының асқынып кетуінің алдын алдық деп айтсақ та болады, – дейді бас дәрігер.
100 мыңға жуық сынама...
Өткен жыл денсаулық сақтау саласы үшін оңай болған жоқ. Бұрын да еңбек еткен ұжымымына бас дәрігер болып оралғанына сәуір айында жыл толатын Райымбектің ең алдымен қолға алғаны вирусологиялық зертхана болыпты. Эпидемия өршіп тұрғанда жаңадан ашылған зертхананың жұмыс өнімділігі, жалпы қуаттылығы тәулігіне 200 анализды зерттеуден аспайтын. Ал, қажеттілік облыс орталығында одан да көпті еселеп талап етті.
Зертханаға Қоғамдық денсаулық басқармасының тікелей қолдау көмегімен тездетіп алдыртылған қажетті жаңа медициналық аппараттар орнатылды. Соған сай шұғыл түрде жұмыстар жүйеленіп, мамандар күндізгі, түнгі кезектерге қызмет етуге кірісіп кетті. Зертхананың тәуліктік қуаттылығы 800 сынамаға дейін жетті.
– Былтыр 11 сәуірден бүгінге дейін вирусологиялық зертхана ашылғалы талданған анализдер саны 100 мыңға жуықтады. Мұнда 8 медицина қызметкері қызмет етеді. Оның екеуі – дәрігер, бесеуі – орта буын маманы, лаборант, біреуі – кіші буын мейіргері. Алғашқыда Жетісай, Мақтарал аудандарынан да анализдер келді. Түркістанмен қатар Кентау қаласынан, Отырар, Созақ, Бәйдібек аудандарынан да ковидке күдікті деп танылған азаматтардың анализдері осында жеткізілетін. Бүгінде Бәйдібек ауданының ковид сынамалары территориялқ жағынан жақын орналасқан Темірлан ауылындағы Ордабасы аудандық орталық ауруханасының зертханасына жөнелтілуде. Созақ ауданы жаңа аппарат алып орнатып, өздерінің зертханасын іске қосты. Қазір Түркістан қаласы мен Кентауды және оған қарасты ауылдарды, Отырар ауданы мен жаңадан құрылып жатқан Сауран ауданының елді мекендерін бұрынғысынша қамтып келеміз. Бүгінде тәулігіне 500 сынама зерттеледі. Жалпы 800-ге дейін мүмкіншілігіміз бар, – дейді зертхананың бөлім меңгерушісі Лаура Кенжеғараева.
Зерттелмейтін анализ жоқ
Тасырбаевтың сөзінше, бұдан кейінгі кезекте қолға алған өзекті шаруа науқастарға диагноз қою, нақтылауда көмегі көп қан, зәр талдауларына зерттеу жүргізетін лаборатория жұмысын жүйелеу болған. Өйткені бұған дейін анализдердің көбісін келісімшарттар негізінде жекеменшік медициналық мекемелер жүзеге асырып келген екен.
– Диагностика саласын жақсарту, жаңарту мақсатында лабораториямыз кеңейтілді. Түркістан қалалық орталық емханасының жертөлесіндегі аядай ғана төрт бөлмедегі зертханамыз өз алдына бөлек үлкен бір ғимаратқа көшірілді. Бас дәрігеріміз Райымбек Берікұлының үйлестіруімен биохимия деп аталатын қанның құрамындағы қанты бар, бауырдың, бүйректің басқа да көрсеткіштерін тексеретін аппараттар автоматтандырылды. Сосын инфекциялық сырқаттардың диагноздарын нақтылау үшін ИФА анализдерін зерттейтін аппараттарымыз жаңарды. Бұлардан басқа қанның ұюын тексеретін коллограмма деп аталатын аппарат да автоматтандырылды. Былтыр жалпы 8 аппаратымыз автоматтық жүйемен жұмыс жасауға көшірілді. Нәтижесінде, біріншіден жұмыс өнімділігі артты. Биохимиялық аппарат бірден 40 адамның анализін зерттеуге алады. 15 минутта нәтижесін шығарып береді. Екіншіден, диагностикалық дәлдікке қол жеткіздік. Бұрын бәрі маманның қолымен жасалатын болғасын анализ алып жатқанда бір тамшыны артық не кем алуы мүмкін болатын. Сол себепті анализ қорынтындыларында сәл болса да ауытқулар кездесетін. Қазір келген қанды арнайы ұяшыққа құйса, әрі қарай қалғанының бәрін аппарат өзі істейді. Үшіншіден, маман тапшылығынан арылдық. Қазір екі аппаратта бір маман жұмыс істей берсе болады. Екеуіне де үлгереді, – дейді лабораторияның зертханашы дәрігері Гауһар Махамбетова.
Биыл емхана ұжымы осы лабораторияда тексерілетін анализдер талдауларының көлемін ұлғайтуды жоспарлапты. Мақсат – Түркістан қаласының маңындағы жақын орналасқан елді мекендер тұрғындарын да қамтып, сапалы қызмет көрсету. Бүгінде Түркістан қалалық орталық емханасында зерттелмейтін анализ жоқ. Тіпті онкологиялық сырқаттарды тексеретін онкомаркер нәтижелерін нақтылап беруге дейінгі мүмкіншілігі бар.
Оңалту – оң қадам
Қазір еліміздің медициналық мекемелері аз қаржы жұмсап, мүмкіндігінше нәтижелі ем шараларын жүргізуді қолға алуда. Аз шығындалу ең бірінші кезекте пациенттерге тиімді. Мемлекетке де қолайлы, экономикамызға да салмақ түспейді. Осы мақсатта емханада 25 төсек-орынды күндізгі стационар істейді. Пациенттер күндіз келіп дәрі-дәрмегін тегін қабылдап, үйіне қайтады. Стационар жанынан 10 адамдық оңалту бөлімшесі ашылған. Мұнда кешегі ковид инфекциясынан кейінгі пневмониядан жазылып шыққандарды, жалпы оңалтуды қажет ететін жасы үлкен кісілердің ағзаларын күшейту, өкпенің, тіннің қатаюын қалпына кетіру процесі жүреді. Сосын инсульт алғаннан кейінгі аяқ-қолдардың салдануы секілді қимылы шектелген азаматтарға, инфаркт алған пациенттерге көмек көрсетіледі. Мұндай адамдардың организмдері физикалық ауырпалықтарға төзімсіздеу болып келеді. Сәл жүрсе, көбірек қимылдаса ентігіп қалуы мүмкін. Буын сырқаты барларға, травматологиялық ота жасатып, жамбас, буын сүйектерін ауыстырғандарға қимыл-қозғалысының шектелуін азайту, қайта қалпына келтіру мақсатында емдік шаралар жүргізіледі. Оңалту бөлімшесі қажетті мамандармен толық қамтылған. Үлкен тренажерлық залда пациенттерді физикалық емдеу нұсқаушылары бақылап, дұрыс жаттығуға көмектеседі. Физиотерапиялық бөлме, массаж кабинеті іске қосылған.
– Осы бөлімшеде алдағы уақытта балалардың церебралды сал ауруына шалдыққандарды аяқ-қолдарын тепе-теңдікте ұстауға бейімдеу мен емдеуді қолға алуды бастаймыз. Сосын тұтығып сөйлейтін, әріптерді толық айта алмайтын тілінде мүкісі бар балаларға да көмектессек деген ниетіміз бар. Осы мақсатта әзірге бір логопед маманды жұмысқа қабылдауды келісіп жатырмыз. Бәрі біз ойлағандай болса, жоспарымызды толық жүзеге асыратын боламыз, – дейді Райымбек Берікұлы.
Күніге 750 отбасы бақылауға алынады
Емханаға қызуы көтерілген, тыныс жолдары сырқаттарының белгілері бар пациенттер келсе, бірден фильтр бөліміне жөнелтіледі. Мұнда жүкті әйелдерді қабылдайтын бір бөлме, балаларды қабылдайтын бір бөлме, ересектерді қабылдайтын бір бөлме жұмыс істейді. Өйткені жүкті әйелдер мен балалардың ағзалары ересектерге қарағанда әлсіз болып келеді. Әлсіз топтағылар сырқаттанып келгенде жалпы қабылдауда болса, тағы бір ауруды жұқтырып алу қаупі бар. Сондықтан да жеке-жеке қабылдау бөлмелері әзірленіпті.
Бас дәрігердің айтуынша, емхана базасында аналитикалық орталық жұмыс істейді. Аталған орталық емхана жұмыстарын талдау жасауға мүмкіндік береді. Отыз күнде екі рет – айдың ортасында және соңында қорытынды жасалады. Емхана қызметінің кемшін тұстары анықталады. Сосын соны жетілдіруге басымдық беріледі. Мұнда статист мамандар, дәрігер сарапшылар жұмыс істейді. Нәтижесінде Түркістан қалалық орталық емханасы қызмет көрсету сапасы бойынша облыс көлемінде алдыңғы қатарға шығыпты.
– Аймақтық дәрігерлер жақсы жұмыс істесе, ауруханалар демалады. Егер маман өз учаскесіндегі үйлерді аралау барысында қан қысымы енді көтеріле бастаған пациентін кезіктірсе, оған жедел алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, аурудың асқынуының алдын алуға болады. Аймақтық дәрігер үш мейіргермен жұмыс атқарады. Дәрігер бес үйге, мейіргерлер 15 үйге барғанның өзінде әр отбасыда орта есеппен 5 адам бар деп есептесек, 20 шаңырақтағы 100 адам күн сайын аймақтық дәрігердің қадағалауында болады, – дейді Р.Тасырбаев.
Мұндай 75 аймақтың барын білсеңіз, бір күнде 750-ге дейінгі отбасы емхана бақылауына алынады деген сөз. Бірақ, соңынан емхана тарапынан пацинеттерге қоңырау шалынып, қаралушының жағдайы, арыз-шағымы сұралып, аймақтық дәрігердің не мейіргердің барған-бармағандығы, қандай көмек көрсеткендігі анықталады екен. Дегенмен, мамандар бұлай тексеру дәрігерлік қызмет сапасын жақсарту мақсатында жасалатынына сенімді.
Емханада амбулаториялық хирургияны дамыту да қолға алынуда екен. Мамандар тартылып, кішігірім ота түрлерін жасайтын орталық жасақталуда. Амбулаториялық хирургия орталығы көктемге дейін іске қосылмақ. Нәтижесінде ауруханалардың жұмыстары жеңілдеп, онда күрделі оталар жасауға басымдық берілетін болады.
А.ДОС
Бөлісу тақырыбы: Райымбек ТАСЫРБАЕВ: Автоматтандырылған жүйе дәл диагноз қоюға көмектеседі