35 мыңға жуық ПТР тест жасалған
Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және науқастарды емдеуге байланысты «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы мен өңірдегі 29 стационарлық, 44 амбулаториялық қызмет көрсететін медициналық ұйымдары арасында ПТР тест жүргізуге келісімшарт жасалды. Биылғы жылдың қаңтар айында 35 мыңға жуық ПТР тест бойынша қызмет көрсетілген. Бұл жөнінде қордың Түркістан облысы бойынша филиалының медициналық қызмет сапасын мониторингілеу бөлімінің басшысы Ғалима Төреханова мәлімдеді.
Өткен жылы облыста Ұлттық сараптама орталығында, облыстық физиопульмонологиялық орталығында, дермато-венерологиялық диспансерінде, Түркістан қалалық емханасында ПТР зерттеу бойынша зертханалар ашылып, жұмыс істеген.
«Бүгінде Ордабасы, Жетісай, Сарыағаш, Созақ, Сайрам,Төлеби, Жетісай аудандық ауруханаларында ПТР бойынша зертханалар бар. Алайда медициналық ұйымдарда ПТР тестке қатысты жүргізіліп жатқан шаралар барысында бірқатар кемшіліктер анықталған. Медицина қызметкерлері ақпараттық жүйеге науқастың мәліметін енгізу барысында бірқатар олқылықтарға жол берген. Жалпы, анықталған кемшіліктерге Қор филиалы тарапынан 108 млн теңге айыппұл салынды. Медициналық ұйымдардың ПТР тестке қатысты кемшіліктері бойынша Қор филиалының сарапшылары талдау жасап, тиісті ескертулерді жасады», - деді қордың бөлім басшысы Ғалима Төреханова.