Арбамен келгендерді аяғымен қайтаратын орталық

IMG_2123.JPG

Емделіп үйіне оралған пациенттердің хәлі нашарлап, ауруханаға қайта түсіп жататыны біздің қоғам үшін үйреншікті жағдайға айналып бара жатқандай. Сосын «ем қонбады», «дұрыс емдемеді» деп дәрігерлерді кінәлап шыға келетініміз де жасырын емес. Айыптыны сырттан іздеп үйренген қоғамда мұндай проблемалардан арылудың басты жолы – реабилитация. Расында да пендені иммунитетін қалыптастуру арқылы ауруынан құлан-таза айықтыруға болады. Бұл ғылыми дәлелденген тұжырым. Дегенмен, ауруханадан шыққан адамға күтім қажет екені бесенеден белгілі. Бұл бағытта соңғы жылдары елімізде оңалту орталықтары көптеп ашыла бастады. Нәтижесі де қуантарлық. Арбамен келіп, өз аяғымен жүріп, отбасына оралып жатқан жандар да бар. Сондай медициналық ұйымның бірі – білікті бас дәрігер Асхат Ақылбеков жетекшілік ететін «Балықшы» фтизиопульмонологиялық оңалту орталығы.

Біз арнайы барған Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты «Балықшы» оңалту орталығы таңғажайып табиғатымен танымал Түлкібас ауданында орналасқан. Таулы аймақтағы құдды бір демалыс аймағы сынды. Жан-жағы жасыл желекке оранған ғимаратта жатып саф ауамен тыныстау, медицина мамандарының жанға жылулық сыйлайтын сыпайы қызметі сол сәтте-ақ сауықтырып жіберетіндей. Жақсыға жұрт үйір. Жайлы болғасын емдеу мекемесіне адамдар өңірдің барлық аудан, қалаларынан келеді. Әрқайсысының диагнозы әртүрлі. Күрделі отадан кейін келіп күтінетіндер де жетерлік. Байқауымызша, орталықта ем алып жатқан науқастар қарасы көп. Дәрігерлер де, мейірбикелер де өз жауапкерлішгіндегі жұмыстарын атқаруда. Бір пациент парафиннен келе жатса, екіншілері ине терапиясын қабылдауда. Әдеттегі ауруханалардағыдай қарбаласып жатқан қызу тіршілік. 

«Балықшы» фтизиопульмонологиялық оңалту орталығында 250 адамдық төсек орын бар екен. Диагнозға, дерттің күрделілігіне байланысты науқастар бөлме-бөлмеге бөлініп орналастырылған. Орталық басшысы Асхат Тұрарұлының айтуынша, оңалту орталығына келетіндердің басым бөлігі Түркістан облысынан және Шымкент қаласынан. Пациенттер портал арқылы жолдамамен келіп ем қабылдауда. 

Аталған орталықты кеңінен насихаттап, тұрғындар хабардар болуы үшін бас дәрігердің бастамасымен облыстық, қалалық, аудандық ауруханаларға арнайы іссапарлар ұйымдастырылып тұрады. Нәтижесінде мамандарымен тығыз қарым-қатынас орнатылып, емделушілердің оңалту емімен қамтамасыз етілуі бақылауға алынған.

Қазіргі таңда орталықта үш бөлімше жұмыс істеп тұр. Біріншісінде түрлі жарақаттан кейінгі және ортопедиялық операциядан кейінгі науқастар жатады. Бұл травматология-ортопедия реабилитация бөлімшесі деп аталады. Мұнда пациенттер оңалтудың 2-3 кезеңдерін қабылдайды.

Екіншісі – цереброваскулярлы аурудан кейінгі және нейрохирургиялық операциядан кейінгі науқастар қаралатын неврология және нейрохирургия реабилитация бөлімшесі. Бұл жерде науқастар оңалтудың үш кезеңін қабылдайды.

Үшіншісінде инфаркт миокардтан кейінгі және кардиохирургиялық операциядан кейінгі науқастар ем алады. Кардиология және кардиохиругия реабилитация бөлімшесінде науқастар оңалтудың үш кезеңінен өтеді. 

Орталықты аралап жүріп неврология бөлімінің меңгерушісі Гүлнұр Тағайқызын әңгімеге тарттық. Бүгінде аталған бөлімше 100 төсек-орынмен жабдықталған. Бір науқастың емдік курсы 12 күнге созылады. Өзінің қимыл-қозғалысын қалпына келтіру үшін келген науқастардың арасында таңқаларлық жағдайлар да болған екен. Ол туралы маман өзінің тәжірибесінен оқиға айтып берді. 

– Бізге арбаға таңылған бір ағай келіншегімен келді. Бір күні дәлізде кетіп бара жатсам, бір кісі «ходунокпен» жүріп келе жатыр. Менің ойымда ештеңе жоқ, жанына өтіп кете бердім. Бір кезде жаңағы жүріп бара жатқан кісінің әу баста арбамен келгені миыма сап ете түсті де, дереу кері бұрылып бардым. Расымен де, арбаға таңылып келген пациент өзі қадамдарын ептеп басуда. Бұл біз үшін үлкен жетістік және қуанарлық жайт, – дейді Гүлнұр Тағайқызы. Айтуынша, 2021 жылдың үш айында неврология бөлімшесінен 156 науқас ем алып шықты. 

Оңалту орталығында емделушілердің диагнозына байланысты дәрумендер физио ем, массаж, емдік жаттығулар жиынтығы, инемен емдеу тағайындалады. 2020 жылдың 1 маусымынан бастап жұмыс істеп жатқан оңалту орталығындағы кардиология бөлімшесі бастапқыда 60 төсек-орынға лайықталып ашылған. Кейін мұнда емделушілердің саны артуына байланысты 100-ге жеткізілген.

Біздің бөлімшеге Түркістан облысындағы барлық аудандар және Шымкент қаласы бойынша жүрек ақаулары бар науқастар келіп ем алады. Жүрегіне ота жасалғандар үш айдан соң оңалту орталығында ем алу қажет. Оңалту емін алатын барлық жандарға жағдай жасалған. Медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, дәрі-дәрмектері жеткілікті, бөлмелеріміз жылы, азаматтарға ыңғайлы. Пациенттер 10 күн емделіп, демалып, оңалтудан өтеді. Емдік жаттығулар, ота жасалғаннан кейін өзінің жүріс уақыты сынды реабилитациялық ем түрлері бар. Емделушінің жағдайына орай оған беретін емнің өзіндік сатылары бар, – дейді кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Болат Айтуллаев. Маманның айтуынша, былтыр жаз айларында Covid-19 өршіген тұста науқастарға саумал да беріп тұрған.

Саумал демекші, барлық адамдардың көкейіндегі маңызды сұрақ –  «Тамақтану жағы қалай екен?». Бұл туралы мамандардан сұрағанан гөрі науқастармен сұхбаттасқан дұрысырақ деп шештік. 5-6 пациентпен әңгімелесіп, қазіргі жағдайлары туралы сөз қозғадық. Олар орталықта күн тәртібі дұрыс сақталып, тамақтау жүйесі де өте жақсы екенін айтып баға беруде. Қажетті күтіммен қамтылғандардың мейіргерлерге алғысы шексіз. 

Жалғас Ақбердиев, 55 жаста:

– Шымкент қаласындағы Қазығұрт шағынауданынан порталмен келген болатынмын. Екінші мүгедектік тобындамын. Жүрегіме екі рет ота жасалғандықтан жылына 1-2 рет келіп ем алып тұрамын. Мұнда келгеніме 8 күндей болып қалды. Мезгіл сайын тамағы бар, витаминдерін қабылдап жүрміз. Жатар орны жылы, әрі тыныш. Дәрігерлер өте жоғары деңгейде қарайды. Осы кісілердің арқасында денсаулығым жақсарды. 

Асан Мәлікұлы, 67 жаста:

– Мен Сарыағаш қаласынан келдім. Ем алып жатқаныма үш күндей болып қалды. 2020 жылдың қазан айында жүрегіме стент қойылды. Дәрігерлер оңалту орталығы ашылды дегеннен соң осында келдік. Медицина қызметкерлері де жақсы қарап жатыр. Парафин, массаж, витаминдер салып жатыр. Таудың ауасы өте керемет! Сарыағаш жақтан келген біз үшін бұл жақта жақсы демалыс, тынығу болып жатыр. Жаттығу жасайтын залдар бар. Барлығы тегін.

Гүлжамал Құрақбаева:

– Ордабасы ауданы Темірлан елдімекенінен жолдасымды емдетуге алып келдім. Ол кісі екі рет инсульт алған. Балықшыдағы оңалту орталығын жақында естіп, осында порталмен келдік. Барлық қызметкерлердің еңбегіне ризамыз. Әсіресе, орталықтағы инструктор қыздар, жігіттердің жұмысы тамаша! Инсульт алған кісілерге еңбегі үлкен. Әрбір қол, саусақ, аяқтарына дейін массаж, жаттығу жасап жатады. Жолдасыммен дәл осы жерге келгеніме қуаныштымын. Басшыларға алғысымды білемін. Біз секілді ем іздеп жүргендер келіп көруге тұрарлық орталық. Барлық науқастар аяққа тұрып кетсін. Келгенімізге үш күн болды. Кішкене болса да нәтиже бар. Себебі жолдасымның жүруге икемі келіп қалды. Жетекке жүріп, қимылдары да алдыңғыдан дұрыс. 

Әшіркүл Нұрақбаева, 

Еңбек ардагері, Алтын алқалы ана:

– Шарапкент ауылының тұрғынымын. Балықты әкімшілігінің «Ақ әжелер» тобының төрайымымын. Бүгін ем алып жатқаныма төртінші күн. Өте жақсы, қыздардың қолдары алтындай. Дәл қазір физиотерапиялық кабинеттерден ем алып келіп жатырмын. Емдері өте шипалы. Нәтижесі жақсы болғаннан соң екінші рет келіп жатырмыз. Аяқ-қолыңды созып, қыздар жақсы массаж жасайды. Мен асқынған ревматизммен ауырамын, буындарымыз қақсайды. Қазір бәрі жақсы, керемет болып қалды. Мейіргер қыздар жақсы сөздерімен де біздің көңілімізді аулап, шипа қондырып жатыр. Тамақтары уақытылы, 4 мезгіл беріледі. Таңертеңнен бастап жағдайымызды жиі сұрап кетіп жатыр. 

Ем алушылардың пікірінен-ақ орталықтың қандай екені көз алдыңызға елестеген болар. Расымен де мұнда білікті мамандар жұмыс істейді. 

Басшылардың айтуынша, алдағы  дәрігерлер мен орта буынды медицина қызметкерлерін қайта даярлау және білімін жетілдіру оқу циклдарына жолдау жұмыстары қолға алынбақ. Жоспар бойынша 5 дәрігер және 16 мейіргер білімдерін жетілдіруге кезегімен оқуға жолданады. Демек, алдағы уақытта оңалту орталығындағы мамандарға деген ризашылық екі есе артады. Дәстүрлі медицина түрлері, мануалды терапия, рефлексті терапия, Су-Джок терапиясы, натуротерапия орталықтағы қызмет түрлеріне енеді. Емдік дене шынықтырудың соңғы үлгілерін, физиотерапиялық емнің жаңа үлгілерін оңалту орталығында қолдану жоспарда тұр.

Мария 

СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ