Түлкібастық түлектер мұқтаж екі отбасыға баспана сыйлады
Естеріңізде болса осыдан төрт жыл бұрын елімізде алғашқы болып Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданының Абай атындағы мектеп-лицейінің мектепті бітіргендеріне 20 жыл толған түлектері тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген көпбалалы отбасыға үй сыйлаған болатын. Игі дәстүрді кейінгі түлектерде жалғастырып, бүгін міне аталған білім ошағынан 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектер тағы да бір көпбалалы, мұқтаж отбасыға аудан орталығынан 4 бөлмелі баспана сыйлап отыр.
Игі істі ұран қылған түлкібастықтар бұл жолы үйді көпбалалы Дүйсенбековтер отбасына табыстады. Отағасының құлағы және көзінен мүгедектігі бар отбасы 13 жыл жалдамалы пәтерде тұрып келген. Отбасы бүгін үй кілтін табыстағанға дейін баспаналы болатындары жайында хабарсыз болған. Мектеп қабырғасындағы өткен «соңғы қоңырау» шарасынан кейін мектеп түлектері тосын сый жасап, кілтті отбасыға табыстаған кезде көпбалалы ата-ана өздеріне сенбей, қуаныштан көздеріне жас алды. Мұндайды жүз ұйықтап тұрсада армандамағандарын айтып, түлектерге шексіз алғыстарын білдірді.
Ортадан ақша жинап 5 млн. 6 жүз мың теңгеге алынған үйдің ішін заман талабына сай евро жөндеуден өткізген. Электр жарығы мен су және газын да қосып, ішін қажетті жиғазбен де қамтыған. Осы уақытқа дейін аудан әкімдігінің қамқорлығында болып келген отбасыға алдағы уақытта жомарт жандар мен мемлекет тарапынан басқа да көмектер көрсетіледі.
Бүгінгі игі шара бұнымен тоқтап қалған жоқ. Қайырымдылық шара жалғасы Қарағашты ауылында жалғасын тапты. Бұл жерде Дауан мектебінің дәл осындай 20 жыл бұрын бітірген түлектері отбасында төрт бірдей мүмкіндігі шектеулі жандар бар Тәжібаевтардың құлап қалған үйін өз күштерімен тұрғызып, 2 млн. 6 жүз мың теңгеге керек-жарақ құрылыс заттарын алып, үйін жаңартып берген. Сондай-ақ, аталған мектептің түлектері Қарағашты ауылының орталық мешітінің жылу жүйесін істеп, ішінің кілемдерін өз қаржыларынан жаңартып берген. Осылайша киелі құт мекенде көпшілікке үлгі боларлықтай игі істер өз жалғасын табуда.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі