Алматы облысында тойда оқ атқан азамат жазаланды

Алматы облысындағы тойда оқ атқан азамат жазаланды. Бұл туралы Алматы облыстық сотының Telegram парақшасында белгілі болды. 

Screenshot_4.jpg

Талғар аудандық соты ер адам 27 мамыр күні "Айсұлтан" мейрамханасында өткен шарада тәртіп бұзып, RETAY PT24 сигналдық тапаншасынан төрт рет оқ атқанын анықтады. 

Сотта қоғамдық орындағы кішігірім бұзақылық жасау фактісі расталды.

Сарапшы қорытындысының негізінде зерттеуге ұсынылған RETAY PT24 атыс қаруы емес, атуға жарамды 9 калибрлі сигналдық тапанша екені анықталды. Сотта мейман өз кінәсін мойындап, өз ісіне өкініш білдірді. Жаза тағайындау барысында оның бұрын-соңды әкімшілік жауапқа тартылмағаны және кішкентей бала асырап отырғаны ескерілді. 

"Соттың 2021 жылғы 7 маусымдағы қаулысымен ол ӘҚБтК - нің 434-бабы 1-бөлігінде көзделген құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды, оған 5 АЕК (14 мың теңгеден көп) мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды", - деп хабарлады сотта.

Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ. 

Айта кетейік, тойдың видеосы әлеуметтік желілерде және WhatsApp-та тарап кеткен еді. Кадрлардан той қонағы жас жұбайларға тост айтып жатқан сәтте жас жігіт залдың ортасына бет алып, бірнеше рет төбеге тапаншамен оқ атқанын байқауға болады.