Қазақстанда қанша адам вакцина салдырды? – Үкімет есебі

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Үкіметтің кеңейтілген отырысында вакциналау қарқыны төмен өңірлерді атады.

вакцина.jpg

- Қызмет көрсету саласы және ірі ұйымдасқан ұжымдар қызметкерлерін вакциналау бойынша талаптар күшейтілді. Соның нәтижесінде соңғы айда вакциналау қарқыны екі есеге артты. Бүгінде елімізде 8,7 млн доза вакцина қамтамасыз етілді, оның ішінде 6,6 млн доза вакцина салынды. Бұл ретте бірінші компонентпен 4,2 млн аса адам немесе тиісті контингенттің 42,8 пайызы егілді. Ал екінші компонентпен 2,4 млн жуық адам қамтылды, - деді Е. Тоғжанов. 

Дегенмен Премьер-Министр орынбасары жекелеген өңірлерде вакциналау төмен деңгейде екенін айтты. Оның ішінде Маңғыстау облысында бірінші компонентпен тиісті контингенттің 21,5 пайызы, Ақтөбе облысында – 34,9 пайыз, БҚО – 35,5 пайыз ғана егілген. 

- Сіздің тапсырмаңызға сәйкес (Президент – ред.), Ashyq жобасы 13,5 мыңнан аса бизнес субъектілеріне пандемия кезінде жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде 96 пайыз шағын және орта бизнестің жұмысы қалпына келтірілді. Ashyq арқылы анықталған 11,5 мыңнан аса карантин режимін бұзғандарға, талапты сақтамаған мың субъектіге қатысты шаралар қабылданды, - дейді Е. Тоғжанов. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды. Бейнебайланыс режимінде өтіп жатқан отырыста Министрлер кабинетінің барлық мүшелері, облыстардың, республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері қатысуда. Жиын барысында еліміздің биылғы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланбақ. 

Сондай-ақ Қазақстан Президенті пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономиканы дамытудың міндеттерін белгілеп береді деп күтілуде.