Шымкент: Ұлттық халық санағының дайындық кезеңі аяқталды

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Е.Құлтаевтың қатысуымен брифинг өтті.

image.png

Баспасөз мәслихатында Ерназар Сейітханұлы «Халық санағының» І кезеңі аяқталғанын жеткізді.

– Осы жылдың 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында елімізде жалпы ұлттық халық санағы өтеді. Дайындық кезеңі 2021 жылдың 1–30 маусым аралығында өтті. Интервьюерлер планшетті қолдану арқылы елдімекендерді аралады. Осы ретте тұрғын үйлердің, адам тұруы мүмкін ғимараттар мен тұрғын емес үй-жайлардың тізімін жасау жұмыстарын жүргізді. Аталған жұмыстарға 29 нұсқаушы-бақылаушы (1,5 айға) және 198 интервьюер (1 айға), жалпы 227 санақ персоналы тартылды. Қала бойынша 235 мыңнан астам санақ нысаны (тұруға арналған және адам тұруы мүмкін үй-жайлар) араланып, ондағы тұратын адам саны 1 млннан астам болды. Дайындық кезеңі санақтық аудандастыру жүргізу үшін қажет. Яғни, бұл қала аудандарының аумағын санақтың негізгі кезеңін өткізу үшін нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлуге мүмкіндік береді, – деді Ерназар Сейітханұлы.

Спикердің сөзінше, санақтың 1-кезеңін өткізу барысында бірқатар мәселе туындаған. Санақ персоналы көрсетілген қызметтері үшін төленетін ақы мөлшеріне және далалық жұмыстарды жүргізуге (әсіресе, қала шетінде тұрғын алабтарына барып аралауға) қызығушылық танытпаған. Маусым айының алғашқы күндерінде 75-тен астам адам жұмыс жасаудан бас тартқан. Оның тоғызымен жаңадан шарт жасалған.

Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан интервьюерлердің сауалдарына жауап беру барысында түсінбеушіліктер болған. Санақ өткізу мерзіміне қатысты сауалдар (санақ күзде өту керек емес пе деген сұрақтар, т.б.) қойылған. Осы ретте интервьюерлер тарапынан бұл негізгі санаққа дайындық барысы екені, яғни, тұрғын үй-жайдың мекенжайын және тұратын адам санын нақтылау жүргізіліп жатқанын, өз кезегінде және бұл деректер санақтық аудандастыру барысында қаланы есептік учаскелеріне болу үшін қажет екендігі түсіндірілген.

Айта кетейік, халық санағы туралы қала бойынша жалпы саны 54 билборд пен тартпалар орнатылған. Сондай-ақ, 5 000-ға жуық ақпараттық парақшаларды адам көп шоғырланатын жерлерде және қоғамдық көліктерде ілу қарастырылып отыр. Ал 16 тамыздан бастап халық санағының маңыздылығы мен мәні жөнінде жергілікті және республикалық теле, радиоарналарда бейне және аудиороликтер көрсетіледі. 

Еске сала кетейік, санақ кезінде арнайы call-орталығы («1446») жұмыс істейді. Елдің барлық аумағында істейтін бұл бірыңғай нөмірге қоңырау шалу тегін. Сондай-ақ, 8 8000 800 878 нөміріне хабарласуға болады.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы