Тәліптер Ауғанстан Ислам Әмірлігін құрады - БАҚ

Кабулды жаулап алған "Талибан" радикал қозғалысының содырлары жақын арада Ауғанстан Ислам Әмірлігі құрылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Associated Press агенттігіне қозғалыс өкілі айтты.

талиб.jpg

Тәліптер өкілінің айтуынша, бұл туралы содырлар басып алған Кабулдағы президент сарайында хабарланады. Агенттік ақпаратына сүйенсек, тәліптер өкілі аты-жөнін айтпауды сұраған, себебі оған БАҚ-қа ақпарат айтуға құзырет берілмеген.

1996-2001 жылдары Ауғанстан аумағы "Талибан" бақылауында болған кезде мемлекет Ауғанстан Ислам Әмірлігі деп аталған еді. Сол кезде өзін әмірлік деп жариялаған мемлекетті Пәкістан, Сауд Арабиясы мен Түрікменстан секілді аз ғана ел мойындаған.

Билікке келгеннен кейін тәліптер өз аумағында қатаң ережелер сақтады. Мысалы, қыздарға мектепке баруға тыйым салынды, ал әйелдерге үйден тыс жерде жұмыс істеуге немесе бүкіл денесін жабатын киімсіз және ер адамсыз көпшілік алдында көрінуге болмайтын. Тәртіп бұзушылар көпшілік алдында ұрып-соғылды немесе өлім жазасына кесілді.