Қаратау ауданындағы 7 мыңға жуық тұрғын биыл таза ауыз сумен қамтылады
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырмалардың Қаратау ауданында жүзеге асырылуын бақылау үшін аудандағы инженерлік инфрақұрылым жұмыстарымен танысты.
Аудан аумағында орналасқан 24 елді мекенде 247 мыңнан астам халық тұратынын айтқан аудан әкімі А.Әліқұлов бүгінде 18 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылғанын, екі елдімекен кестемен, қалған төртеуі тасымалды су пайдаланатынын жеткізді.
Халық тұтынатын судың сапасын арттыру мақсатында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай биыл Қаратау ауданы бойынша 3 магистралды суаққының құрылысы және 3 шағын ауданда ауыз су жүйесі тартылып жатыр.
Қаратау ауданында ауыз су инфрақұрылымы бойынша атқаралып жатқан жұмыстар жайын Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Болатбеков баяндады.
Оның айтуынша, 3 магистралды суаққының құрылысы кестеге сай жүргізілуде екен. Сонымен бірге жалпы ұзындығы 59,8 шақырымды құрайтын Тұран шағын ауданындағы ауыз су құбырының құрылысы 100 пайыз аяқталып, бүгінде құбырларды жуып-шаю жұмыстары атқарылуда.
Ал, Асар-2 шағын ауданын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 156,1 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Нұртас шағын ауданындағы ұзындығы 40,8 шақырымды құрайтын ауыз су құбырының бүгінде 18,36 шақырымы орнатылған.
Аталған жұмыстар аяқталуына орай, ауданда 7 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылып, көрсеткіш 83,5 пайызды құрайтын болады.
Айта кетейік, аудан аумағында ауыз сумен қамтуды қажет ететін 6 елді мекен бар. Олар Асар-2 ш/а (2 кезек), Бозарық с/ж, Қайнарбұлақ т/а, Исфиджаб т/а, Сайрам т/а, Қызылсу тұрғын алаптарының жаңа құрылыс аумақтары. Аталған елді мекендер «Шымкент қаласын дамытудың 2020-2023 жылдарға арналған іс-шара жоспарына» енгізілген.
Бөлісу тақырыбы: Қаратау ауданындағы 7 мыңға жуық тұрғын биыл таза ауыз сумен қамтылады