ТҮЛКІБАС: Сапарғали шаруа қожалығы 100 мың дана балық шабағын жіберуді жоспарлап отыр
Табиғаты шұрайлы, өзендер бастау алатын Түлкібас ауданында соңғы уақытта бақша шаруашылығымен қатар балық шаруашылығы да қарқынды дамуда.
Жыл басында аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен аудан кәсіпкерлеріне балық шаруашылығын дамытудың тиімді тұстары мен оның табысты шаруашылық көзі екенің насихаттау мақсатында жиын өткен болатын. Бүгінгі таңда өткізілген жиын оң нәтижесін беруде.
Соңғы жылдары аудан аумағында үш шаруа қожалық балық шаруашылығы кәсібін дамытуға бет бұрып, жасанды тоғандарына алғашқы шабақтарын жібере бастады.
Аудан әкімі Нұрлан Байғұт дәл осындай балық шаруашылығын дамытуға бел буған шаруа қожалықтарды аралып, жұмысымен танысты.
Бірінші кезекте аудан басшысы Майлыкент ауылдық округіне қарасты «Сапарғали» шаруа қожалығында болды.
Ерте көктемде қожалық иесі Құрманбаев Сапарғали шаруа қожалығына тиесілі 11 гектар жерінің 2,16 гектарына 7 жасанды тоған салған. Тоғандарға су жібермес бұрын балық қорегі ретінде тоған түбіне арпа, бидай, тары дақылдарын егіп, қазіргі таңда балық шабақтарына тапсырыс беріп, күтуде. Бірінші кезекте 100 мың дана нарықта сұранысы жоғары сазан, дөнмаңдай (толстолоб), ақ амур балық шабақтарын жіберуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта тоған сандарын арттыру да жоспарында бар.
Содан соң, аудан басшысы Машат ауылдық округіндегі «Жеті үй» шаруа қожалығына табан тіреп, кәсіпкер Тайболов Қайрғалидің балық шаруашылығымен танысты.
Кәсіпкер өткен жылы аудан әкімдігінің қолдауымен үй іргелік жерін рәсімдеп, сол жерге көршілерімен бірігіп жасанды тоған салған. Сол жылдың қараша айында 15 мың дана сазан, дөнмаңдай (толстолоб), ақ амур балық шабақтарын жіберген-ді. Биылғы жылдың көктемінде қосымша 3 мың дана аталған балық түрлерінің шабақтарын жіберіп отыр.
Аудан әкімі шаруашылық нысандарын аралау барысында кәсіпкерлердің өтініштері мен ұсыныстарына құлақ асып, заң аясында жаңа бастамаларына қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Балық шаруашылығымен айналысам деуші шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Яғни, балыққа берілетін жемнің 50 пайызын мемлекет тарапынан субсидияланады-дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Бөлісу тақырыбы: ТҮЛКІБАС: Сапарғали шаруа қожалығы 100 мың дана балық шабағын жіберуді жоспарлап отыр