Түркіменбашы Бердымухамедов «комада жатыр» деген қауесет тарады
Түркіменстанның Ресейдегі елшілігі түркімен президенті Гурбангулы Бердымухамедовтің денсаулығы нашарлап кеткені туралы ақпаратты теріске шығарды. Бұл жөнінде Ресейдің РБК басылымы хабарлады.
- Түркіменстан президентінің денсаулығы нашарлап кеткені туралы бірқатар БАҚ таратқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді - деп мәлімдеді түркімен елшілігі.
Бердымухамедовтің комаға түскені туралы ақпарат 21 қыркүйекте бірқатар ресейлік Telegram-каналдарында пайда болған.
20 қыркүйекте Түркіменстанның мемлекеттік арналары Бердымухамедов видеобайланыс арқылы қатысқан үкімет отырысы жайында хабар таратқан.
Түркіменстан президентінің денсаулығы нашарлап кеткені туралы алып-қашпа әңгімелер осыған дейін де пайда болған. Оған президенттің көп уақыт көпшілік алдына шықпай қалғаны себеп болған.
Қазір Түркіменстан тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына дайындалып жатыр.