Сіз тыңдаған әндер
Ел ақпаратының бастау бұлағына айналған қарашаңырақ – Қазақ радиосының эфирге шыққанына 2021 жылдың 1 қазанында 100 жыл толады.
Осы орайда, аудандық мәдениет бөлімінің ұйытқы болуымен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен Қазақ радиосының 100 жылдық мерейтойы аясында «Сіз тыңдаған әндер» атты концерттік кеш аудан тұрғындарына ұсынылды.
Іс-шараға аудан әкімі Н.Байғұт пен мәслихат хатшысы С.Сейсенбаев, зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құрал өкілдері қатысты.
Биыл алғашқы рет дәстүрлі форматта өткен мәдени шарада көп жылдар бойы Қазақ радиосына шырқалып, талай қазақстандыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған қазақ халқының ұлы композиторлары мен ақындарының әндері орындалып, көпшіліктің көңілінен шықты.
Сонымен қатар, мәдени шарада ауданымыздың жаңадан құрылған «Мюзк АРТ» инструментальді ансамблі мен жаңа әншілер көпшілікке таныстырылды.
Ортаға аудан әкімінің ықылас гүлі әкелініп, мерекелік көңіл-күйді одан әрі тасытты.
Концерттік кешті қорытындылаған аудан әкімі Нұрлан Мархабатұлы, әр бір қазақстандық үшін Қазақ радиосының мәні ерекше екендігіне тоқталып, жиналған жұртшылықты тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Жоғарғы деңгейде мәдени кеш ұйымдастырған ауданның мәдениет қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Концерт барысында барлық сақтық шаралары сақталды.
Айта кетерлік, Қазақ радиосы 1921 жылы 1 қазанда алғаш рет хабар таратты. Содан бері Қазақ радиосы ұлтымыздың үнжариясына айналды. Бүгінде «Қазақ радиосы» радиоарнасының қатары «Шалқар», «Астана» және «Classic» радиосымен толықты.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
#тәуелсіздігімізге_30жыл
#құтмекен
#қазақ_радиосына_100жыл