Түркістанда медицина мамандарына арналған көпқабатты үйлер салынады

4 қазан – Халықаралық дәрігерлер күні! Бұл мереке жыл сайын қазан айының бірінші дүйсенбісінде әлемнің көптеген елдерінде атап өтіледі. Дәл осы күні Түркістан облысы басқармасының басшысы Марат Пашимов туылған. Ат жалын тартып қамал алатын 40 жасқа толған Марат Орынбасарұлы былтыр әлемді әбігерге салған коронавирус індетінің өршіп тұрғын тұсында іскерлігімен танылып, басқарма басшысына тағайындалған болатын. Білікті басшының жетекшілігімен елдің денсаулығын түзеуге ұмтылған медицина қызметкерлігінің өлшеусіз еңбегі, жанкешті ерлігінің арқасында Түркістан облысындағы эпидемиологиялық ахуал тұрақталды. Түркістан еліміздегі «жасыл аймақтан» шықпаған жалғыз облыс болды.

2020_11_11_pashimov.jpg

Түркістан облысы коронавирусқа қарсы вакциналау көрсеткішімен елімізде көш бастады. Өңірде екпе алуға жататын 937 мың тұрғынның 906 мың  мың  451-і вакцинаның бірінші, 772 мың 258-і екінші компонентін салдырған. Республикада күнделікті тіркелетін науқастар саны бойынша ең төменгі көрсеткіш те Түркістан өңіріне тиесілі. Бүгінде Түркістан облысы жасыл аймақта, эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Түркістан облысында Қоғамдық денсаулық басқармасына Марат Пашимов жетекшілік етеді.  Еңбек жолын облыстық кардиология орталығында мейіргер болып бастаған Марат Орынбасарұлы ізденімпаздығының арқасында кәсіби білім-біліктігін жетілдіріп, денсаулық саласында сатылап өсіп, Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы лауазымына 2020 жылы лайық деп танылды. Әлемді әбігерге салған короновирус инфекциясының өршуі пандемияға айналған тұста лауазымды қызметке тағайындалған М.Пашимовтың іскерлігі сыналды десе де болады.  

2 қазандағы дерек бойынша Түркістан облысында пандемия басталғаннан бері COVID-19 індетімен тіркелген жағдайлар саны 14 мың 144-і құрады. Оның 13 мың 723-і жазылып шықты. Бұл науқастардың 95 пайызы ауруынан айыққанын білдіреді. 

Коронавирустық инфекцияның әр түрлі сценариіне байланысты инфекциялық төсек-орын санын 5 мың 700-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Пандемия басталғанда облыста бір ғана лаборатория жұмыс істеп тұрған болса, бүгінде аудан орталықтарындағы ондай зертханалар саны 13-ке дейін көбейді. Күніге үш мыңнан 5000-ға дейін анализ алуға мүмкіндік бар. Пандемия басталғалы облыста 1 миллионнан астам ПТР сынамасы алынды.

Облыс тұрғындары ресейлік «Спутник V», отандық QazVac, Sinopharm компаниясының HayatVax екпесі, Қытайдың жасап шығарған CoronaVac және Sinopharm компаниясының Vero Cell вакцинасын қабылдай алады. Облыс аумағында 141 екпе қабылдау пункті жұмыс істейді.

Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовтың айтуынша, 2020 жылғы жалпы трансферт есебінен 2,5 млрд қаржы бөлініп, 205 дана медициналық техника сатып алынды. Бірінші кезекте ана мен бала, жансақтау, ота жасау қызметін күшейтуге жұмсалды. Оның ішінде 10 лапароскопиялық хирургияға арналған видеоэндоскоптық жиынтық, 5 маммографиялық құрылғы, 8 ультрадыбыстық жүйелер (оның ішінде 3 данасы эксперттік), 26 өкпені жасанды желдету құрылғысы, 1 компьютерлік томограф құрал-жабдықтары сатып алынды.

Одан бөлек, резерв қаржысы есебінен 58 өкпені жасанды желдету аппараты, 2686 пульсоксиметр, 3 сандық рентген, 80 жоғарғы жиелікті оксигенотерапия аппараты, 6 ПТР жиынтығы, 4 газтолтырғыш станциямен қамтамасыз етілді. Жыл соңында өңірдегі Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты емдеу мекемелерін жарақтандыру 80,77 пайызға жетті.

2021 жылға анестезиология және реанимация бөлімшелерін жарақтандыру мақсатында 394 дана  және ана мен бала бөліміне 91 дана медициналық техника сатып алу бойынша мемлекеттік сатып алу процедуралары жүргізіліп, келісімшарт түзілді.

Денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеу бойынша былтыр Түркістан облысының бюджетінен қалалар мен ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуге 809,5 млн. теңге бөлінді. Биыл 5 нысан жөнделді. 17 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 9 аурухана, 2 емхана, 5 дәрігерлік амбулатория жаңартылуда.

Бұдан бөлек Жол картасы шеңберінде – 35, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында – 21, жоспардан тыс 40 нысан құрылысын жүргізу көзделген. Сонымен қатар  бірінші кезекте 4 дәрігерлік амбулатория, 5-фельдшерлік акушерлік пункт, 11 медициналық пункт, екінші кезекте 2 емхана, 7 дәрігерлік амбулатория, 52 фельдшерлік акушерлік пункт, 5-медицниналық пункт салу қажеттілігі туындап тұр.

– Түркістан қаласында 570 төсек орындық көпбейінді медицина орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оны осы салада тәжірибесі мол түрік компаниясы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салуда. Іргетасы 2019 жылы қаланған емдеу кешенінің құрылысы 2022 жылы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, биыл құрылыстары басталған Жедел медициналық көмек станциясының жаңа ғимараты мен 190 төсек орындық балалар ауруханасы келер жылы пайдалануға беріледі. Ал, Ана мен бала орталығының құрылысы 2023 жылы аяқталады. Осы аталған медицина ұйымдарында жұмыс істейтін мамандарды баспанамен қамту мақсатында көпқабатты тұрғын үйлер салуға қаржы қарастырылуда, – дейді Марат Орынбасарұлы.

Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты 43 медициналық ұйымда 24 мыңнан астам маман жұмыс атқарады. Оның 5380-і дәрігер, 18 мың 678-і орта буын қызметкерлері. 

Былтыр өңірдегі медициналық мекемелердің 1694 дәрігері мен 928 орта буын қызметкері білімдерін жетілдірді. Оның 44-і Ресей федерациясының Новосибирскі қаласында біліктіліктерін арттырды. Ал, биыл 2021 жылдың 7 айында 1032 дәрігер, 721 орта буын қызметкері кәсіби шеберліктерін шыңдауға жіберілді. 5 дәрігер түбі бір Түркия елінде білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтады.

Жалпы өлім-жітім көрсеткіші Түркістан облысында биыл 8 айда 100 мың тұрғынға шаққанда 3,3-ті құрап, 24,2 пайызға төмендеді. Былтыр осы мерзімде 4,1 болған еді. Атап айтқанда, ана өлімі 23,2 пайызға, 5 жасқа дейінгі балалар өлімінің коэффициенті 4,4 пайызға, жол көлік оқиғалары  салдарынан болатын өлім-жітім 3,3 пайызға, жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, созылмалы респираторлық аурулардан және диабеттен болатын өлім-жітім 9,1 пайызға азайды.

– Түркістан облысының вакцинация бойынша елімізде көш бастауына күмәнмен қарауға ешқандай негіз жоқ. Облыс әкімінің бастамасымен құрылған мобильді топтар барлығын қырағы бақылауда. Коронавирусқа қарсы екпе салдыру көрсеткішінде көш бастаудың басты сыры – тұрғындар ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға белсене атсалысуда. Жергілікті әкімдік қызметкерлерімен бірге медицина мамандарының ел ішінде түсіндірме жұмыстарын үздіксіз жүргізуінің нәтижесі осы. Вакцина да жеткілікті. Соған сай мамандарымыз да вакцинация пунктерінде аянбай еңбек етуде. Сондықтан жерлестерімді ғана емес, барлық отандастарымды жаппай вакцина алуға шақырамын, – дейді Марат Орынбасарұлы.

А.ДОС