Түркістан әуежайында цифлық жеке куәлік қолданысқа енгізілді
Түркістан халықаралық әуежайында «e-Gov Mobile» қосымшасының көмегімен цифрлық жеке куәлікті пайдалану мүмкіндігі туды. Бұл қызмет түрін пайдалану үшін азаматтар алдымен «e-Gov mobile» жүйесіне тіркелу керек. Сол қосымшадағы «Цифрлық құжаттар» деректер сервисінде сақталған жеке куәліктің QR-кодын әуежайдың тіркеу бөлімінде орналасқан арнайы құрылғы арқылы сканерлесеңіз жеткілікті. Арнайы аппарат сіздің жеке мәліметтеріңізді анықтап, сол мезетте сізді деректер қорына тіркейді.
Мұндай мүмкіндік әзірге еліміз бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент және Түркістан қалаларындағы әуежайда ғана қарастырылған.
– Бұл әзірге пилоттық жоба ретінде іске асырылып жатқандықтан, азаматтарға жеке куәлігінің түпнұсқасын да өздерімен бірге алып жүргендері жөн. Жаңа жүйе сынақтан толық сәтті өткен соң жоба еліміздің басқа да қалаларында жүзеге асырылады деп күтілуде, – деді Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев.
Былтыр Тұңғыш Президент күні мерекесінде пайдалануға берілген Түркістан Халықаралық әуежайы сағатына 450 жолаушыны қабылдап, жылына 3 млн. жолаушыға қызмет көрсете алады. Әуежайдың ұшу-қону жолағының параметрі барлық әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Еліміз тәуелсіздік алғалы бірінші бой көтерген заманауи әуежайға авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда ИКАО мен ИАТА-ның кодтары берілген. Жаңа әуежай түркі әлемінің алтын бесігі – Түркістан қаласын әлемнің ірі қалаларымен байланыстырады.
Түркістан әуежайы барлық талапқа сай деп танылып, ішкі және халықаралық рейстерді, соның ішінде жүк тасымалдау рейстерін қабылдау мүмкіндігіне ие.