Шымкент: Қала әкімінің орынбасары Е.Білісбеков халық санағының маңыздылығын түсіндірді

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтің қатысуымен брифинг өтті.

image.png

Онда Ерғали Дәулетбекұлы халық санағының маңыздылығын түсіндірді.

– Экономика мен бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және дамыту үшін халық санағының ақпараттық деректері қажет. Олар тұрғын үй салу, бөлу, сондай-ақ,  демографиялық және көші-қон процестері, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала жөніндегі бағдарламаларды дамытуға, жұмыс орындарын құруға көмектеседі. Ұлттық халық санағына қатысатын әрбір азамат мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлау мен әзірлеуге елеулі және құнды үлес қосады, – деді қала әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, негізгі санақ осы жылдың 1 қыркүйегінен басталды. Ол 30 қазанға дейін жалғасады. Бұл ретте 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында (алғашқы 45 күнде) респонденттер өзі және отбасы мүшелерін «sanaq.gov.kz» сайты арқылы  толтыра алады. Сондай-ақ, «egov.kz» электронды үкімет платформасы арқылы, мобильді азаматтар үшін «Aitu» қосымшасында санаққа қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Ал дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында өтеді. Арнайы оқудан өткен интервьюерлер санитарлық талаптарды сақтай отырып, электронды планшеттер арқылы тұрғын үйлерді аралап сауалнама жүргізеді.

Еске сала кетейік, ұлттық халық санағына дайындық осы жылы 1-30 маусым аралығында өтті.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Фото: Ғабит Жамалов