«Orda ертегілері» кітабының тұсаукесері өтті.
20.10.2021 күні Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «OrdaGen» әлеуметтік-танымдық жобасының Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнаған «Orda ертегілері» кітабының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға ҚР Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай, Balapan телеарнасының директоры Қымбат Досжан, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Максим Рожин, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Бижан Игенбаева, Jas Otan ЖҚ төрағасы Нұржан Жетпісбай, Jaidarman ЖҚБ президенті Есен Елеукен, Қоғамдық коммуникацияларды дамыту басқармасының басшысы Сванбаева Ақмарал, блогер Өркен Кенжебек, BTS Education негізін қалаушы Саясат Нұрбек, журналист Асхат Садырбай, «OrdaGen» жобасының негізін қалаушы, идея авторы Айбек Қуатбай, жоба директоры Парасат Тәнен, Bugin Holding жобаларының бас кеңесшісі Садық Шерімбек қатысты.
OrdaGen жобасының мақсаты – ұлттық және адамзатқа ортақ биік құндылықтарды жаңа технологиялар форматына икемдеп, аңыздар мен ертегілер арқылы болашақ ұрпақтың санасына сіңіру.
Бүгінге дейін аталмыш жоба аясында 1000-ға жуық заманауи ертегілер жазылып, әр ертегінің аудионұсқасы дайындалды. Үш түрлі тақырыпта қысқаметрлі мультфильм түсіріліп, «OrdaGen» мобильді қосымшасы бүлдіршіндерге тегін пайдалануға берген.
- «Біз мұнымен тоқтамаймыз. Алдағы уақытта бүлдіршіндерімізге OrdaGen-нің танымды дүниелерін ұсынып, ұлт үшін қызмет ете береміз. OrdaGen – 30-ға аяқ басқан азаматтардың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнаған сыйлығы», - дейді OrdaGen жобасының директоры Парасат Тәнен өз сөзінде.
Жаңа оқу жылының қарсаңында “OrdaGen” компаниясының қолдауымен ELTANU экспедициясы өз сапарын бастаған. Экспедиция мақсаты – Қазақстанның әр өңірін, шалғайдағы ауыл-аймақтарды аралап, кітапсүйер балаларға сый үлестіру. Бала болашағына азық болар танымдық, рухани қолдау мен тұлғалық даму тренингтерін өткізу. Бұл сапарға OrdaGen жобасының да қосқан үлесі зор. Экспедиция құрамындағы жігіттер әр өңірдегі талантты ұл-қыздарға ОrdaGen-нің ертегі кітаптары мен Daryn Online республикалық білім беру платформасының дайындық курстарын сыйға тартқан.
- «Ел президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың 2021 жылды «Балалар әдебиеті» жылы деп жариялауы бала тәрбиесіне аса зор көңіл бөлуіміз керек екенін көрсетуде. Президент жарлығын негізге ала отырып, Bugin Holding қолдауымен Orda Joly білім экспедициясы Қазақстанның әр өңірін аралап, көзінде оты бар өрендерге OrdaGen жобасының алғашқы ертегі кітаптарын үлестірді», - деді өз сөзінде Ordagen жобасының негізін қалаушы Айбек Қуатбай.