Медицина қызметкерлері Президент жолдауына қолдау білдірді

Денсаулық сақтау жүйесінің сапасы мен тиімділігін арттыру – мемлекеттің пандемия жағдайындағы ең маңызды міндеті. Сондықтан билік «Дені сау ұлт» атты ұлттық жоба қабылдап, алдағы жылдары медицина саласына мол қаржы құюды жоспарлап отыр. Бұл қаржы негізінен медициналық инфрақұрылымды дамытуға, білікті маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалады. 

image.png

Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында өткен жиында Орталық Азия инновациялық университетінің педагогика, психология кафедрасының аға оқытушысы Райхан Бейсекова айтты. 

—Мемлекет азаматтардың қауіпсіз, еркін, алаңсыз өмір сүруіне, сапалы білім алып, денсаулығын күтуіне, өзінің ішкі әлеуеті мен мүмкіндіктерін жарыққа шығарып, армандары мен жоспарларын жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасауы тиіс. Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында осы жолда атқарылуы тиіс істерді нақты көрсетіп берді. Президент бұл міндеттерді орындау үшін әр салаға қатысты ұлттық жобалар бекітілетінін айтты. Яғни, Жолдаудың өзегін адам мен ұлт, халық денсаулығы мен ұлттық мүдде құрайды десек қателеспейміз, – дейді Райхан Түзелбайқызы. 

 Айта кетейік, жиынға Шымкент қаласы Еңбекші ауданында орналасқан қалалық №5 емхананың қызметкерлері қатысты. Басқосу кезінде дәрігерлер Президент Жолдауына қатысты ойларын ортаға салып, отандық денсаулық сақтау жүйесін дамытуға байланысты ұсыныстарын жеткізді. 

Жалпы, Шымкент қаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы кеңінен, жүйелі түрде насихатталуда. Аса маңызды саяси құжатты талқылауға арналған осындай басқосуларға мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының, білім беру мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, еңбек ұжымдары мен жастар қатысуда.