YPO Forum Shymkent: Шымкентте ірі инвесторлар бас қосты

Биыл Шымкент қаласының экономикасына 400 миллиард теңге инвестиция тартылады. Оның ішінде шетелдік және жеке инвесторлардың үлесі 60 пайызды құрайды.

image.png 

Бұл туралы YPO FORUM Shymkent «Жаңа жағдайдағы бизнес» форумында сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді. 

— Бүгінгі форум Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығының қарсаңында өтіп отыр. Осы орайда, Шымкент қаласының Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріне тоқталып өткен жөн. Бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 30 жылда қала экономикасына 2 триллион 600 миллиард теңге инвестиция тартылып, шағын және орта бизнес нысандарының саны 87 мыңға жетті. Осы уақыт аралығында 200-ден астам кәсіпорын ашылып, 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде бір жылда 460 миллион теңге инвестиция тартылған болса, биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 325 миллиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1.4 есеге жоғары. Жыл соңына дейін қала экономикасына тарылатын инвестиция көлемі 400 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде, – деді қала әкімі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемін 1.5 есеге, ал, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру қажеттігін айтқан Мұрат Дүйсенбекұлы осы мақсатқа қол жеткізу үшін инвесторлар және бизнес қауымдастық өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын алға тартты. 

Айта кетейік, YPO (Young Presidents Organization) – «әлемге үздік көшбасшылар қажет» деген ортақ сенімге негізделген көрнекті басшылардан тұратын жаһандық қауымдастық. Бұл қауымдастыққа әлемнің 142 еліндегі 30 мыңнан астам ең табысты әрі ықпалды кәсіпкерлері мүше. Оған мүше компаниялардың жылдық қаржы айналымы 9 триллион АҚШ долларын құрайды. 

Шымкент қаласында алғаш рет ұйымдастырылған YPO форумы RIXOS KHADISHA SHYMKENT қонақ үйінде өтіп жатыр. Қазақстандағы жетекші компаниялар мен беделді бизнесмендерді Шымкент қаласының экономикасына инвестиция салуға шақыратын форум екі күн бойы жалғасады.

Форум барысында Chocofamily Holding компаниясының негізін қалаушы Рамиль Мухоряпов, «Таң Медиа Групп» директорлар кеңесінің төрағасы Арманжан Байтасов, Bilim Media Group компаниясының негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлы, BI Group директорлар кеңесінің төрағасы және акционері Айдын Рахымбаев және өзгелер сөз сөйлеп, Шымкент қаласы экономикасына инвестиция құюдың тиімділігі жөнінде әңгімеледі.