Шымкентте халықаралық зағиптар күні аталып өтті
13 қараша – зағиптардың халықаралық күніне орай «ШамShyraq» фестивалі қалалық Көрме орталығында жалғасты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шара аясында көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар интеллектуалдық ойындардан сайысқа түсті.
Аталған фестиваль қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының ұйытқы болуымен өтті.
Фестивальде «Туған елге, тағзым!» атты эстрада орындаушыларының және «Жанарсыз адам келеді... жанарлы бейқам тірліктен » атты поэзиялық, «Өнер бесігінде тербеліп өскен – Жамбыл » жыр, терме орындаушылары мен «Саусақ ұшындағы әлем» зағиптарға арналған арнайы шахмат және шашкі бойынша спорт сайысының жеңімпаздары, қатысушылары гала концертте марапатталды.
Іс-шарада қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының директоры Бәкір Әбдіұлы сөз алып, өнер бәйгесінде белсенді болғандарды, шахмат-шашка оойындарының жүлдегерлерін құттықтап, оларға сәттілік тіледі.
Іс-шара барысында «Тәуелсіздікке тағзым!» зағип оқырмандармен атқарылған жұмыстар көрмесі орналастырылды. Стендтерде кітапхананың тарихы мен фото суреттері көпшілікке таныстырылды.
«Рухты жаңғырту, парызымыз» атты арнайы кітапхананың тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып шығарылған тактильді кітаптар тұсаукесері де өтті. Кітапхана қызметкерлері арнайы тифлоқұралдар арқылы оқырмандарға Брайльмен жазуға арналған 18 жолдық құрылғымен, грифель Брайль қарындашымен, Perkins Standart механикалық брайль машинкасымен жұмыс істеуді көрсетті.
Алматы қаласынан келген SATR.kz компаниясының зағип жандарға арналған автоматтандырылған құрылғылары жиналғандарға таныстырылып, 3D форматтағы кітаптар көпшіліктің назарына ұсынылды.
Ал гала концертте «Мұнарлан» тобының әншісі Бағлан Жолдасов, «Сәт» триосының мүшесі Тұрар Тұрмысов, белгілі әнші Астана Қарғабай өнер көрсетіп, жиналған көпшілікті ерекше әсерге бөледі.