Алматы қаласы комендатурасы мәлімдеме жасады

Алматы қаласы Комендатурасы тәртіпсіздіктер әлі жалғасып жатқанын айтып, халықты үйлерінен шықпауға шақырды.

Screenshot_3.jpg

"Өкініштісі, тәртіпсіздікті жақтаушылар қалаға үлкен шығын келтірді. Құқық қорғау органдарының тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі заңды әрекеттеріне қарсы болды. Экстремистер бизнеске зиян келтіріп, тонаушылыққа баруда. Сонымен қатар олар бейбіт тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, медицина қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіріп, емханалар мен ауруханаларға зиян келтіреді", - деп мәлімдеді Алматы қаласының комендатурасы.

Олар қала тұрғындарын барынша сақ болуға шақырды.

"Алматыдағы бандиттік топтардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы шетелде шындап дайындықтан өткенін айғақтайды. Олардың Қазақстанға шабуылы – басқыншылық әрекет, мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіру әрекеті. 

Бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысы Қ.-Ж. Тоқаев ҰҚШҰ бойынша әріптестеріне көмек сұрап жүгінді. Бұл шара мемлекетті сыртқы қатерден қорғау үшін қажет. 

Қалада тәртіп орнату мақсатында лаңкестікке қарсы арнайы операция басталды. Біздің әл-ауқатымызбен болашағымызға қауіп төндіретін лаңкестік пен бандитизм әрекеттерін бірге тоқтата аламыз. 

Алматы қаласының комендатурасы тұрғындарды тыныштық сақтап, құқық қорғау органдарына конституциялық тәртіпті орнатуға және қоғамдық қауіпсіздікті орнатуға жәрдем көрсетуге шақырады", –  деп мәлімдеді Алматы қаласы Комендатурасы.