Шымкентте алғаш рет сал ауруына шалдыққан балаға күрделі ота жасалды
Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері алғаш рет церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға күрделі ота жасады. Селективті дорзальды ризотомия деп аталатын нейрохирургиялық операция түрін меңгеру үшін жергілікті дәрігерлер Алматы қаласынан келген әріптестерімен тәжірибе алмасып, бірнеше күрделі ота жасады.
Үш күннен бері қалалық балалар клиникалық ауруханасында өтіп жатқан шеберлік сабағына нейрохирургтар, неврологтар, анестезиолог, реаниматолог дәрігерлері қатысуда. Дәрігерлер науқастың жұлынына заманауи нейрохирургиялық микроскоп арқылы жеткен болатын. Ақ халаттылардың айтуынша, операцияның арқасында сал болып қалған баланың жүріп-тұруына, еркін қимылдауына мүмкіндік тумақ.
Отаның күрделілігі сонша, мұнда бірнеше заманауи медициналық құрылғылар қолданылады. Операция кезінде мамандар нейро монитор және микрохирургиялық аппаратты қолдана отырып, операция үстелінде жатқан науқастың жүйке жүйесін зақымдап алмауға және іштегі негізгі ахау аумағын анықтауға мүмкіндік алады.
Мүмкіндігі шектелген балаларға жасалатын мұндай операциялар көбінде шетелде жасалады. Ал Қазақстанда бұл тәжірибе ретінде енді іске асып келеді.
“Мемлекет басшысы биылғы жылды балалар жылы деп жариялады. Осы бастаманы қолдай отырып, қалалық балалар клиникалық ауруханасында балалар денсаулығын жақсартуда оң өзгерістер орын алуда, оның ішінде хирургиялық қызметті дамыту мақсатында жаңа профильдер ашылды. Атап айтқанда - нейрохирургиялық, күйік, урологиялық, торакальды хирургия, нейрохирургиялық медициналық оңалту бөлімшелерінің қызметтері жолға қойылды, неонатальды хирургиялық көмек көрсету түрі ұлғайып, жаңа туылған балаларға медициналық көмек тек қалалық балалар ауруханасында көрсетіле бастады. Нейрохирургиялық оталарды жандандыру мақсатында соңғы үлгідегі заманауи аппараттар орнатылды. Үш күннен бері нейрохирургиялық оталар бойынша бізде шеберлік сабағы өтуде. Міне бүгін үшінші күн өзіміздің нейрохургтар күрделі отаны бастан аяқ өздері жасауда. Мұнан бөлек ауруханада неонаталды, ортопедиялық-травматолгиялық т.б оталарды дамыту бойынша жұмыстар жүргізілді” дейді қалалық балалар клиникалық аурухана бас дәрігер орынбасары Ержан Байдуллаев.