Түркістан облысында коронавирус жұқтыру жағдайлары 79% төмендеді

Түркістан облысында коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары соңғы екі аптада 79% төмендеді.Өңірде вакцинация жұмыстары белсенді жүргізілуде. 

Screenshot_5.png

Вирусқа қарсы екпенің 2 компонентін де алғандар саны 1 045 240 жетті. Яғни, 99,9% адамды құрап отыр. Ал 420 067 адам ревакцинация жасатқан. «3 – 16 ақпан аралығында індет жұқтырудың 119 жағдайы анықталса, 17 ақпан – 2 наурыз аралығында 29 сырқаттанушы есепке алынды. Бұл вирус жұқтыру 90 жағдайға төмендегенін көрсетеді. Ал 28 ақпан мен 1 наурыз күндері коронавирус жұқтырудың бірде-бір дерегі тіркелмеді», - деді Түркістан облысының Бас санитариялық дәрігерінің орынбасары Бақтыораз Елемесов. 

Сондай-ақ оның айтуынша, бұған дейін тәжірибелер көрсеткендей мереке күндерінен соң эпидемиологиялық жағдай нашарлай түседі. Сондықтан облыстың Бас санитариялық дәрігерінің орынбасары тұрғындарды карантин режимін сақтауға, әлеуметтік ара-қашықтық пен бетперде тағу сынды санитариялық талаптарды ұстануға шақырды. 

«Қазіргі таңда кейбір шектеу шараларына жеңілдетулер енгізіліп, біртіндеп бұрынғы қалыпты өмірімізге оралып жатырмыз десем, артық айтқаным емес. Түркістан облысы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасында «жасыл» аймақта. Десек те, сіздерді карантин талаптарын сақтауға шақырамын», - деді ол.