Украинадағы жағдай елдегі дәрі-дәрмек тапшылығын туғызбай ма – министр жауабы
Украинадағы жағдай елдегі дәрі-дәрмек тапшылығын туғызбай ма? ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында осындай сұрақ қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бізге Украина, Беларусь, Ресей Федерациясынан дәрілердің басым бөлігі келеді деп айта алмаймын. Жалпы дәрілердің 70 пайызын шетелден аламыз. Мысалы, Ресейден 2 пайыз, Украинадан 2 пайыз, Беларусьтен 0,03 пайыз дәрі-дәрмек келеді екен. Бүгігі таңда «СҚ-Фармация» осы жылға керек дәрі-дәрмектің 93 пайызын алып қойған. Олардың 50 пайызынан артығы қоймаларымызда, мединиалық ұйымдарға түсіп жатыр. Саясатқа байланысты, болып жатқан жағдайларға байланысты, доллардың өсуіне байланысты министрлік тарапынан Үкіметпен бірлесіп жағдайларды қараймыз. Былтыр қол қойылған келісімшарт бойынша дәрі-дәрмектер түсуде. Сол Ресейден де, Беларусь елінен де қазір 60 пайызы келген. Қалған 40 пайызы әрі қарай қалай болатыны туралы келіссөздер жүріп жатыр. Ураинадан екі-ақ пайыз дәрі-дәрмек алатынымызды айтып кеттім. Тегін берілетін амбулаториялық дәрілердің ішінде 11 түрін, стационарларға қажет дәрінің 8 түрін алатынбыз. Сол дәрі-дәрмектерді Украина жағынан қалай жеткізілетіні туралы келіссөздер жүріп жатыр», -деді министр.
Оның айтуынша, бұл мәселенің бәрі ведомствоның бақылауында. «Соңғы жылдары елімізде дәрі-дәрмек бойынша немесе ауруханаларда, емханаларда ешқандай проблемалар болған жоқ.
«СҚ-Фармацияның қоймасындағы дәрі-дәрмектерден басқа барлық өңірлердің әкімдіктері тұрақтандыру қорын құрды. Кейбір өңірлер қазір 1 млрд теңгеден астам ақшаның дәрі-дәрмегін ұстап отыр. Кешегі ведомствоаралық комиссияның отырысында сол жинап отырған дәрі-дәрмектерді жаңартып, толықтырып, қазіргі жағдайға байланысты әрі қарай дамыта беру туралы шешім қабылданды. Министрлік қазір тізім әзірлеп жатыр. Сол тізім бойынша елімізден дәрі-дәрмекті сыртқа шығаруға болмайды деген бұйрық әзірлеп жатырмыз. Мұның бәрі халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жолында жасалып жатқан шаралар», - деді Ажар Ғиният.
Бөлісу тақырыбы: Украинадағы жағдай елдегі дәрі-дәрмек тапшылығын туғызбай ма – министр жауабы