СҚО-да былтыр ауырып қайтыс болғандар саны 2 есеге артты

Screenshot_19.png

Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 8469 адам қайтыс болған, бұл республикалық көрсеткіштен шамамен екі есе көп. Дәрігерлер өлім-жітімге әкелген негізгі бес жағдайға тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО қоғамдық кеңес отырысында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов өлім-жітімге қатысты статистикалық мәліметтерді ұсынды. Статистика департаментінің деректеріне сүйенген маманның айтуынша, былтыр облыста 8469 адам қайтыс болды, көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 1587.0 құрады, республикалық көрсеткіш – 953, ал 2020 жылғымен салыстырғанда 13,4 %-ға артқан.

 «Былтыр тыныс алу органдарының ауруларынан 1841 адам қайтыс болды, 2020 жылмен салыстырғанда 350 адамға өскен. Ол КВИ-мен байланысты. Таралуы бойынша екінші орында қан айналымы жүйесінің аурулары тұр, одан 1171 адам көз жұмды. 2020 жылмен салыстырғанда 65 адамға көп. Өлім-жітім 11 ауданда өскен. Ал 606 адам ас қорыту органдарының ауруларынан дүниеден өткен, көрсеткіш оның алдындағы жылдан 69-ға аз. Төртінші орында онкологиялық аурулар келеді, одан 561 адам қайтыс болды, бұл 2020 жылмен шамалас. Жарақаттану мен уланудан 520 тұрғын көз жұмған. Мұнда да төмендеу байқалады», - дейді Құмар Күсемісов.

 Бұдан басқа СҚО-да 437 адам коронавирус инфекциясынан қайтыс болды. «СҚО қартаю индексі бойынша республикада көшбасшы орынға ие, республика бойынша 26,1 болса, Солтүстік Қазақстанда - 62,1. Егде жастағы адамдардың көпшілігінде әдетте әртүрлі созылмалы аурулар бар, бұл коронавирус инфекциясымен ауырған кезде өлім-жітімнің өсуіне тікелей әсер етті. Қайтыс болғандардың 78 %-дан астамы – егде жастан асқандар», - дейді басқарма басшысының орынбасары. 

Осыған дейін СҚО-да ЖРВИ-мен ауырғандардың шамамен 70 пайызы балалар екені жазылды.