Қазақстанда дәрі-дәрмекті басқа жолдармен жеткізу қарастырылып жатыр

Screenshot_8.png

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 1,5 мыңнан астам дәрі-дәрмек түрін сатып алды. Оның 600-ден астамы шетелде өндірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Сатып алынған дәрі-дәрмектің 919-ы - отандық. Оны жеткізуде проблема жоқ. Ал 628 атаулы дәрілік зат пен медициналық бұйымдар шетелде өндірілген»,-делінген хабарламада. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 529 атаулы дәрілік зат кестеге сай жеткізіліп жатыр. Атап айтқанда, 9 дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым толық көлемде елге әкелінді. Сонымен қатар, 71 атаулы дәрі-дәрмекті жеткізу маршруттарын өзгерту жоспарланып жатқаны айтылды. 

«Бірыңғай дистрибьютордан сатып алуға жататын препараттардың тізбесін денсаулық сақтау министрлігі бекітті. Тізім дәрілік заттардың сипаттамаларын, халықаралық патенттелмеген атауын және олардың шекті бағаларын қамтиды. Пациенттерді қамтамасыз ету үшін препараттарды медициналық ұйымдарға жөнелту кестеге сәйкес уақтылы жүзеге асырылады. Дәрі - дәрмектер тұрақты негізде стационарларға, сондай-ақ халықты амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін медициналық ұйымдарға жеткізіледі», - дейді ведомстводан. Одан бөлек, министрлік таратқан ақпаратта бірыңғай дистрибьютордың дәрі-дәрмек жеткізу жұмысын жетілдіргені айтылған. 

«Дәрі-дәрмекті аймақтарға бөлу Cross-docking қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Дәрі-дәрмектерді тиеп-жөнелту медициналық ұйымдардың өтінімдері бойынша мерзімінен бұрын жүргізіледі. Бұдан басқа, бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында дәрі-дәрмектерге, сондай-ақ медициналық ұйымдардағы қалдықтарға тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі. Ақпарат апта сайын ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне ұсынылады», - деп мәлімделді.