Шымкентте "Alan" халықаралық мектебі ашылады
Шымкент қаласында мектептер саны артып келеді. Әр мектеп әр түрлі бағытты негізге алып, оқушыға сапалы білім беруді көздейді. Осылайша Шымкент қаласы республикада білім бойынша алдыңғы қатардан көрінуге күш салады.
Биыл үшінші мегаполисте тұңғыш халықаралық мектеп пайдалануға берілмек. Мұнда оқушыларға шетелден келген жоғары білікті педагогтер халықарылық стандартқа сәйкес үш тілде сапалы білім береді.
Кеше мектеп құрылысымен танысуға арнайы келген қала әкімі Мұрат Әйтеновке аталған білім ордасы туралы осындай мәліметтер берілді. Білім беру мекемесінің директоры Д.Пірмағанбеттің айтуынша, «Alan» халықаралық мектебінің (AIS) заманауи кампусы оқушыларға жайлылық сыйлап, еш алаңсыз білім алуын қамтамасыз етеді.
Қауіпсіздік мәселесі басты назарда
Қазіргі таңда мектепті «Отау-Строй» ЖШС салып жатыр. Аумағы 1,8 гектарды алатын мектепте болашақта 840-қа дейін оқушы білім нәрімен сусындайды. Мұнда 60 оқу кабинеті болады. Кабинеттер толықтай соңғы үлгіде жабдықталады. Оқушыға білім алуға қажетті барлық құралдар ұсынылады.
«Отау-Строй» ЖШС басшысы Аслан Әлімбектің айтуынша, мектеп биыл қыркүйекте пайдалануға беріледі. Білім күнінде алғашқы шәкірттеріне қабылдау үшін құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.
Қала әкіміне бастауыш сынып оқушылары білім алатын блок жұмысы таныстырылды. Директордың айтуынша, бір сыныпта оқитын балалардың саны 20-дан аспайды. Өз кезегінде мұғалім әр баламен тығыз жұмыс істей алады. Нәтижесінде оқушы сабақты терең игеріп, санасына сіңіреді. Түсінбеген сұрағын мұғалімнен қайта сұрап нақтылайды. Сол себепті де оқушының сабақты игермей қалуы мүлде болмайды.
Әрине баланың оқуға құштарлығы төмендемес үшін оның қарны тоқ жүргені абзал. Бала сабақта тамақты ойлап отырмауы керек. Мектеп әкімшілігі бұл мәселені де назардан тыс қалдырмады. Оқушылар таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін мектеп қабырғасында болады. Оларға 3 мезгіл құнарлы тамақ беріледі. Тамақ диетолог кеңесімен барлық талапқа сәйкес беріледі. Тамақ рационында баланың зейінін, есте сақтау қабілетін арттыратын пайдалы тағамдар көп болмақ.
Қауіпсіздік мәселесі де басты назарда. Мектеп маңына арнайы рұқсатсыз ешкім кіре алмайды. Күзеті бөлімі бәрін бақылауда ұстайды. Сондықтан да ата-аналар балаларының өмірі үшін алаңдамаса болады.
– Оқушылар бос уақытын тиімді пайдалану керек. Сабақтан тыс уақытта түрлі үйірмелерге қатысып білімін шыңдағаны жөн. Барлық үйірмелер мектеп ішінде болғаны өте тиімді. Оқушы уақыт жоғалтпайды. Мектеп өз оқушыларына білім алуына барлық мүмкіндікті жасап беруі керек. Бүгінгі білімді оқушы – біздің ертеңгі мақтанышымыз, болашағымыз, - деді қала әкімі.
Оқушыларға трендтегі заманауи білім беріледі
Қала басшысына AIS-тың білім беру жүйесі түсіндірілді. Мектепте STEAM, PBL, CLIL, ТРИЗ секілді оқытудың заманауи әдістері мен жүйелері енгізілген. Осы арқылы бала заман ағымынан қалып кетпей әрқашан соңғы трендтегі жаңалықтардан хабардар жүреді. Олар академиялық білім алудан бөлек, түрлі үйірмелерге қатысу арқылы спорттық-шығармашылық қабілетін шыңдай алады.
Әлемдік білім берудегі негізгі трендтердің бірі – STEAM білім беру, төрт академиялық облысты (science, technology, engineering and mathematics) біріктірген. STEAM білім беру негізінде-пәнаралық және қолданбалы тәсілді қолдана отырып, оқушыларды оқыту идеясы. Әрбір бес пәнді жеке оқытудың орнына, бұл тәсіл оларды оқытудың бірыңғай схемасына біріктіреді. Бұл мектептен тыс мектепте жобалық және оқу-зерттеу қызметін жүзеге асыру бағыттарының бірі.
Жақын болашақта елімізде: IT-мамандар, бағдарламашылар, инженерлер, жоғары технологиялық өндіріс мамандары және т.б. алыс болашақта қазір елестету қиын мамандықтар пайда болады, олардың барлығы ғылымдармен түйіскен жерде технологиямен және жоғары технологиялық өндіріспен байланысты болады. Әсіресе био- және нанотехнологиялар мамандары қажет болады. Болашақ мамандарына жаратылыстану ғылымдарының, инженерия мен технологияның әр түрлі білім салалары бойынша жан-жақты дайындық және білім қажет болады. Жалпы білім беретін мектептер жаңартылған білім беру стандарттарына көшті. «Alan» халықаралық мектебі STEAM жүйесі бойынша оқушыларға заманауи білім беріп, қатарластарынан оқ бойы озық шығуға көмектеседі.
Ал PBL – бұл оқу жоспарына сәйкес тьютор-тәрбиеші қадағалайтын, студентке, оқушыға бағытталған тәсіл, ол шәкірттерді теория мен практиканы біріктіре алатын зерттеу жүргізуге бейімдейтін және өмірдегі белгілі бір проблеманы шеше алатын білім беру мен соған орай дағды қалыптастыруды жүзеге асыруға тырысады. Мұндай көзқарастың табысты болуының межелік факторы – нашар құрылымдалған проблеманы және оны үйрететін тьютор-тәрбиешіні таңдап алып, оны жүзеге асырылу тәжірибесіне толық талдау ісін жүргізу болып саналады.
«CLIL» – ағылшын тілінде Content and Language Integrated Learning немесе пән мен тілді кіріктіріп оқыту әдістемесі, пәндерді екінші не үшінші /қазақ, орыс, не ағылшын/ тілде оқыту деп қарастыруға болады. Кейінгі зерттеулерде мынандай анықтама береді: «CLIL-оқушылардың шетел тілінде лингвистикалық және коммуникативтік дағдылардын қалыптастыруға мүмкіндік беретін дидактикалық әдіс». Негізі CLIL 2 мақсатты көздейді, яғни шет тілі арқылы пәнді оқу және оқытылатын пән арқылы шет тілін меңгеру. Қазақстанның үш тілдік саясаты мектеп оқушыларына тіл үйренумен бірге тіл үйрену мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. CLIL бағдарламасы екі жаһандық мақсаттарға ие: пәннің шет тілі арқылы мектепте оқу деңгейі, сондай-ақ оқытылатын пәндер арқылы шет тілін тереңдетіп оқыту. Мұндай көзқарас студенттерге химия, математика, география, биология, жаратылыстану ғылымы, классикалық әдебиет, информатика, экономика, өнертану, философия, біртұтас үрдісінде туған және білетін тілдерінде түсіндіріледі.
CLIL шартты түрде 2-ге бөлінеді: hard CLIL және soft CLIL. Hard CLIL дегеніміз кез-келген мектеп пәні ағылшын тілінді жүргізіледі (тек білім алушының ағылшын тілі деңгейі L2 болуы тиіс ). Бұндай оқыту барысында оқушылар география, әдебиет, биология, физика, тіпті дене шынықтыру пәндерін шет тілі арқылы зерттей алады. Ағылшын тілі мұғалімдері soft CLIL әдісін қолданады, олардың міндеті шет тілін басқа пәндердің тақырыптарын қолдану арқылы үйрету болып табылады.
Сонымен қатар мектепте оқушының сыни ойлау қабілетін дамытуға барынша көңіл бөлінеді. «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалды клубы, дебат клубы және көшбасшылық мектебі баланың әлеуметтік белсенділігін арттырады. Олар мұнда физикалық-эмоциялық тұрғыда жағымды әсерге бөленіп өмірге деген құштарлығы мен құлшынысы жоғары деңгейге шығады. Нәтижесінде AIS түлектері білімді, өнерлі, бәсекеге қабілетті болып, қоғамда өз орнын тез айқындайтын болады.
Мұрат Әйтенов биыл жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін халықарылық мектептің концепциясы мен миссиясына жоғары баға беріп, сәттілік тіледі.